Ақтөбеде шалғай ауылдарды газбен қамту жұмысы жалғасып жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде газ құбырын тарту жұмыстарына биыл 1,1 миллиард теңге бөлінді. Астана күні Мәртөк ауданының Қазан ауылына газ берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде шалғай ауылдарға газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл газ тасымалдау жүйесін жаңарту жұмыстарына 1,1 миллиард теңге бөлінсе, қаржының тең жартысы 2016 жылы құрылысы басталған жұмыстарды аяқтауға бағытталды.
«Ақтөбе облысының барлық аудан орталығында газ құбыры тартылған. Қазіргі уақытта ауылдарға газ беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, өткен жылы Қарғалы ауданының Жосалы және Кемпірсай ауылдарына газ жеткізу құбырын тарту жұмысы басталып, биыл ауылішілік құбыр жүргізу жұмысымен жалғасты. Жоба аяқталған кезде 37 әлеуметтік нысан мен 800-ден астам адам көгілдір отынды пайдалана алады. Сонымен қатар, Шалқар ауданының Байқадам ауылына жеткізуші газ құбыры тартылып, Шетырғыз ауылында ауылішілік газ тарату желісі жүргізіліп жатыр»,- деді облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қаржаубай Ыбраймұлы.
Айта кетейік, биыл Әйтеке би ауданының Аралтөбе ауылына газ жеткізуші құбырын салып, Шалқар ауылының Байқадам ауылына ауылішілік газ құбырын тартуға 257 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, игеріліп жатыр. Тағы 16 ауылға газ жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Ауылға көгілдір отын жеткізу бағдарламасын жалғастыру үшін биыл жергілікті бюджеттен 125,7 млн. теңге қаржы қарастырылған. Негізінен Ақтөбе облысында халықты газбен жабдықтау үлесі 86 пайыздан асты.