Ақтөбеде Шалқар көлінің табаны тазаланып жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Шалқар көлінің түбін тазарту жұмысы басталды. Қазір арнайы техникамен лайды сорып алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде Шалқар көлінің табаны тазаланып жатыр

Биыл наурызда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбе облысындағы Шалқар көлінің табаны тазаланатынын мәлімдеген еді . Кейін «Шалқар көлінің түбін тазарту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, сараптамадан оң нәтиже алынды. Жобаның жалпы сомасы - 3 млрд теңге. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 432,95 млн теңге бөлінді. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапары барысында ауданның экологиялық жағдайына оң әсерін тигізетін жоба жұмысымен танысты.

«Көп жылдар бойы күткен жобаның жемісін аудан халқы көруі тиіс. Барынша сапалы әрі уақытында жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қолданыңыздар»,- деп тапсырды облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Tolagai - 2050» ЖШС-нің басшысы.

Көл түбін тазарту жұмыстары көл суының сапасын көтеріп,​ гидрохимиялық құрамын жақсартуға, Шалқар қаласының халқын шаруашылық-тұрмыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Қазір арнайы техниканың көмегімен лай су сорылып, өзге аумаққа ағызылып жатыр.