Ақтөбеде шаруашылықтағы сиырлардың неден өлгені тексеріліп жатыр

сиыр
Фото: pexels

Ақтөбе облысы Алға ауданындағы шаруашылықтардың бірінде 9 мүйізді ірі қараның өлексесі анықталды. Болжам бойынша мал уланған. Қазір зерттеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының мәліметіне сүйенсек, 22-27 қараша күндері Алға ауданы Тоқмансай ауылдық округіне қарасты «Өлетті» шаруа қожалығында 9 бас ірі қара өлді. Ветеринарлық мамандар малдың ішкі ағзасын тексеріп, алдын-ала «улану» диагнозын қойды. Дегенмен нақтысы сараптамадан соң белгілі болады.

- Өлекседен сынама алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға жіберілді. Ал мамандар өлексенің өзін Тоқмансай елді мекеніндегі мал қорымына апарып залалсыздандырды. Жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу жоспарына сәйкес Алға ауданына қарасан ауруынан қорғайтын 38 000 доза вакцина бөлінді. Бүгінде егу жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы.

Еске салсақ, Ойыл ауданы «Самғат» шаруа қожалығында малдан қарасын ауруы анықталып, шектеу шарасы қабылданды.

 

Соңғы жаңалықтар