Ақтөбеде шетелден келген адамдар қатаң бақылауға алынды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде Төтенше жағдай режимін енгізу жөніндегі тапсырмасынан соң Ақтөбеде шұғыл жиын өтті.
None
None

Азық-түлік бағасын бақылау, жанар-жағармай бағасын қадағалау және шетелден келген азаматтарды тексеру жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жариялаған төтенше жағдайына байланысты шұғыл жиын өткізді.

Облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері мен департамент, басқарма басшылары, сауда орындарының өкілдері қатысқан басқосуда Ақтөбе облысында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету, алдын алу шараларын күшейту мәселесі талқыланды.

«Дүниежүзіне тараған індетке қатысты өз тарапымыздан жан-жақты шараларды қамтамасыз ететін боламыз. Салғырттық танытпау қажет, әрқайсысымызға артылған тиісті міндеттерді дұрыс атқарып, үлкен жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз»,-деді Оңдасын Оразалин.

Өңір басшысы тұрғындарды үрейленбеуге шақырды. Ақтөбедегі «Дина», «Анвар» сынды азық-түлік дүкендері, Халыққа қызмет көрсету орталықтары тоқтаусыз жұмысын жалғастырады. Аймақ басшысы сауда орындарының басшыларына азық-түлік бағасын өсірмеуді және қызметкерлерінің сақтық шараларын орындауын сондай-ақ, қоғамдық көлік тасымалдау мекемелерінің басшыларына автобустарда дезинфекция жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке барлық қоғамдық орындарға COVID-19 коронавирусының белгілері жайында хабарландырулар таратып, Ақтөбеде шығарылатын бетперде санын арттыру қажеттігін айтты.
Облыс әкімі жиынға селекторлық режимде қатысқан аудан басшыларына аудандарда құрылған Шұғыл штаб жұмысын жандандыру керектігін атап өтті.
«Ақтөбеде жағдай тұрақты, дегенмен де «Сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бар. Біріншіден жауапкершілік, ұйымшылдық, ауызбіршілік таныту арқылы ақтөбеліктердің бұл сынақтан да сүрінбей шығарына сенемін»,- деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, Ақтөбеде Италия, Франция, Оңтүстік Корея және АҚШ-тан келген азаматтар карантинде жатыр. Олардан арнайы сынама алынып, тексеруге жіберілді.


Соңғы жаңалықтар