Ақтөбеде шетелдік инвестордың нұсқауымен алаяқтық жасаған топқа үкім шықты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде шетелдік инвестор Гегам Асрян мен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық іске сот үкімі шықты. Сотталғандардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде шетелдік инвестор мен оның сыбайластарына қатысты сот отырысы үш ай бұрын басталған болатын. Сотталушылар арасында бірнеше компания директоры мен есепшілері, заңгерлер, Ақтөбе облыстық әділет басқармасының мамандары бар.
Ал жәбірленушілердіңсаны 160-қа жеткен. Олардың бәрі несиеге пәтер алып, ай сайын банкке емес, кәсіпкер ашқан несиелік ұйымға ақша төлеп отырған. Алданғанын білген тұрғындар облыстық ІІД-ге арыз жазып, тергеу жұмыстарына қатысты. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банк те қылмыстық іс кезінде инвестор кепілге қойған пәтерлерді даулады. Ал инвестор Гегам Асрян халықарылық іздеуде жүр. Бүгін №2 қалалық сотында Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша қаралған іске үкім шықты.
«Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық», «Ұйымдарға салынатын салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару» баптары бойынша Әнзия Берденова айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылсын. Рақымшылық жасау туралы заңына сәйкес жаза мерзімі 3 жылға қысқартылады. Виктор Сирота 6 жылға бас бостандығынан айырылсын. Екеуінің де алаяқтық жолмен тапқан табысы мен мүлкі тәркіленсін»,- деді судья Ерлан Бақытжан.
Сотталушы Эльвира Безносюк Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша 3 жылға, Қайырбек Орынбасаров 5 жылға, Альфира Сұлтанова 2 жылға, Әділбек Қарабалин 5 жылға, Ольга Демская 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Ақтөбе облыстық әділет басқармасының екі қызметкері екінші деңгейлі банк кепілдігінде тұрған пәтерлерді тізімнен шығарғаны үшін алған пәтерлерді кері қайтарады. Ал банк пен 100-ден астам жәбірленушінің арызы қаралмады. Пәтерлерді иелерінде қалдыру туралы шағым азаматтық істе қаралады. Қылмыстық кодекстің «Ұйымдарға салынатын салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару» баптары бойынша айыпталған Әнзия Берденова, Виктор Сирота 644 миллион теңге салық қарызын төлеуі тиіс.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, сотталушы Әнзия Берденоваға аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденгені үшін айып тағылды . Ол адамдардың сеніміне кіріп, Гегам Асрян, Виктор Сирота, Эльвира Безносюкпен бірлесіп, Қайырбек Орынбасаров, Альфира Сұлтанованың көмегімен алаяқтық жасаған.
2010 жылы «Окси Бильд» компаниясының бас есепшісі болып жұмыс істеген ол Гегам Асрянның сенімді өкілі болған. Кейін ол «Окси Бильд» компаниясының директоры қызметін атқарды. 2013 жылы «Адал Үміт» ЖШС құрылады. Өзі сол компанияға директор болып тағайындалды.
Ал Виктор Сирота алдымен бас инженер болып жұмысқа орналасып, 2014 жылы «Окси Бильд» компаниясының директоры болды. Айыпталушы Эльвира Безносюк 2013 жылы «КЭШ Кредит» шағын несие ұйымына директоры болып жұмысқа орналасты.
Іс материалына сүйенсек, Айыпталушы Ольга Демская компанияда заңгер болып жұмыс істеп, алаяқтық жұмыстарға араласқан. 2015 жылы Гегам Асрянның 8 компаниясы болды. Олар «Адал Үміт», «КЭШ Кредит», «Санжар Групп», «Актобе Хинтэг», «Окси Бильд», «Ремстройсервис Самұрат», «Санжар Интермаркет» ЖШС мен «Арман -2020» ТҮК құрған.
Ұйымдасқан топ 2016 жылдың 2-14 маусым аралығында Форте банктегі 1 миллиард 118 миллион теңгеден астам кепіл мүлікті шығарып алған. Кейін «Адал Үміт» ЖШС-ның тіркеуінде тұрған пәтерлер «Арман-2020» тұрғын үй кооперативі арқылы сатылды.