Ақтөбеде соқырішекке жасалған отадан оқушы көз жұмды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе соқырішекке ота жасалып, мектеп оқушысы көз жұмды. Қазір осы оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, сараптама жасалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Хромтау қаласында болып, ота Ақтөбе облыстық ауруханасында жасалған еді. Отадан соң оқушының қайтыс болуына байланысты арнайы комиссия өлімнің себебін анықтайды.
«Ата-анасы баланы Ақтөбе қаласына өздері әкелді. Хромтау аудандық дәрігері жазбаша түрде келісім алмаған соң олар да жауапкершілікке тартылады. Медициналық жедел жәрдем көлігі бар, бірақ ата-ана өзі шешім қабылдаған. Осы кезде дәрігерлер жазбаша түсініктеме алуы тиіс болатын. Ақтөбе балалар ауруханасына түскен соң ота жасалды. Отадан кейін палатаға ауыстырды. 5 минуттан кейін науқастың тыныс алуы нашарлап, ренимациялық құтқару жүргізілді. Бірақ нәтиже болмаған. Қазір комиссия құрылып, тексеру жүріп жатыр. Алдын ала анафилактикалық шок деп диагноз қойылды. Гистологиялық зерттеу кезінде бәрі анықталады», - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.
Айта кетейік, қазіргі кезде балаға ота кезінде ұйықтататын дәрі берген дәрігер жұмысынан шеттетіліп, жансақтау бөлімінің меңгерушісі өз еркімен жұмыстан шықты.
«Жұмыстан шыққан дәрігер іске қатысты жауап беруі тиіс болса шақырылады. Бірақ ол наркоз берген жоқ», - деді С.Есенаманова.