Ақтөбеде соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кешінде рейд жүреді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысында полиция қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін рейдке шығады. Олар демалыс орындары мен мейрамханаларды бақылауға алады. 

Ақтөбеде соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кешінде рейд жүреді
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Ақтөбе облысында биыл 10 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. 23 мамыр күні 9 және 11-сынып оқушылары соңғы қоңырау шарасына қатысады.

— Педагогикалық әдепті сақтау және сыбайлас жемқорлық құқықбұзудың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында қаржы жинауға, аниматорлар мен жеке студияларды жалдауға, көлік жалдап, шеру ұйымдастыруға, мектепке дейінгі ұйымдар мен 4-сынып оқушылары үшін салтанатты шара өткізуге тыйым салынады. Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болады. Егер заң бұзу болған жағдайда білім беру ұйымының басшыларына қатаң шара қолданылады, — деді облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті мамыр айының соңына дейін күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Елімізді «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. 

— 23-24 мамыр күндері білім беру ұйымдарында полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шарасы. Сонымен бірге мектеп бітіруші түлектерінің қай демалыс орындарына баратыны туралы анықталып, тізім жасалады. Ол жерлерде де полиция қызметкерлері, ерікті топтар болады. Талап бойынша бала ата-анасымен бірге баруы тиіс. Егер өзі барса ата-анасына Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 442-баптың 1-бөлігі «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» бойынша жауапқа тартылады. Ата-анаға 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сонымен бірге демалыс орнының әкімшісі кодекстің 132-бабы «Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру» бойынша жауапқа тартылады, 15-30 АЕК көлемінде айыппұл салынады, — деді облыстық ПД ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ботакөз Жалекешова.

Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов балалардың қауіпсіздігі мен жазғы демалысты ұйымдастыру мәселесін көтерді

Соңғы жаңалықтар