Ақтөбеде спорт мектебінің оқушысын өлтіргендер сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласында спорт мектебінің 8-сынып оқушысын ұрып, өлтіріп алған екі тәрбиеленушіге үкім шықты. Оның бірі 9 жылға, екіншісі 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқушы өліміне қатысты іс жабық қаралды. Іс материалына сүйенсек, биыл 11 сәуір күні Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 2-курс студенті еркін күреспен айналысатын 8-сынып оқушыларының тәртібі мен спорттағы нәтижелерінің нашарлауына байланысты жиналыс ұйымдастырған. Жиналыс кешкі жаттығудан кейін жоспарланған. Оқушыларды жинауды колледждің 2-курс студенті тапсырып, онымен бірге істі болған оқушы және 9-10 сынып балалары бұйрықты бұлжытпай орындайды. Жиналған соң сотталушы 8-сынып оқушыларын бір сапқа тұрғызып, оларға моральдық пен физикалық қысым көрсетіп, өзгелердің біртіндеп ұруына тапсырма береді. Тіпті жәй ұрғандарын айтып, қаттырақ қайта ұруды талап етеді. Кейін сотталушының бірі қаза тапқан оқушының екі бетінен ұрады. Екі иығынан ұстап, тезесімен оның кеуде тұсынан тебеді. Салдарынан жәбірленуші есінен танып, шалқасынан құлап, көз жұмған.
— Сот үкімімен сотталушы Қ кінәлі деп танылып, оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ал сотталушы Ж кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қ жазасын Қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде, Ж жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу белгіленсін. Азаматтық талап арыз ішінара қанаттандырылсын. Жәбірленушіне 20 млн теңге моральдық зиян, 2 158 915 теңге материалдық шығын өтелсін, — деді судья Ержан Құрманов.
Еске салсақ, оқиға 11 сәуір күні сағат 21:30–да тіркелген. Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіндегі оқушы қазасынан соң екі тәрбиеленуші күдікке ілігіп, қамауға алынды. Үш қылмыстық іс қозғалды. Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына, мектеп директорына, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс берілді.