Ақтөбеде спорт мектептерінде 19 мыңнан астам бала жаттығады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған барлығы 32 спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 19 мыңнан аса бала жаттығады, тағы 36 мың бала аула клубтарына барып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбеде спорт мектептерінде 19 мыңнан астам бала жаттығады

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин спортпен және дене шынықтырумен шұғылданатын тұрғындардың санын, әсіресе өскелең ұрпақты көбейтуді тапсырды.

«Қолда бар спорттық секцияларды, клубтарды барынша тиімді пайдаланып, жаңасын ашу қажет. Бұқаралық және балалар спортының қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек»,- деді Оңдасын Оразалин.

№ 4 күрес бойынша ОБЖСМ-нің материалдық-техникалық базасын қарап шыққан облыс әкімі мектеп аумағына тағы бір ғимарат салу туралы өтінішті қолдады. Айта кетейік, күрес секциялары жоғары жоғары сұранысқа ие. Жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттаманы бекіту тапсырылды. Ал № 1 БЖСМ-де қабырғалардағы жарықтың себебін кідіртпей анықтап, егер ғимараттың қауіпсіздігіне зиян келтірмесе, қалпына келдіруді тапсырды. Нысан 2016 жылы пайдалануға берілген. Сондай-ақ абаттандыру жұмыстары аяқталып қалған триатлон паркін де қарап шықты. Қазіргі таңда мұндағы жүгіретін және велосипед жүретін жолдар 100% дайын, жарық орнатылды, суару жүйесі жолға қойылды. Халықтың қалауы бойынша жаяужолдар да жасалады. Облыс әкімі триатлон паркінің ақтөбеліктер үшін барынша қолайлы қоғамдық кеңістік болуын атап өтті.

«Мұнда бәріне, яғни, спортпен кәсіби шұғалданатындарға да, жай жаяу жүріп қайтқысы келетіндерге де ыңғайлы болуы керек. Барлық спорттық нысанда қолайлы жағдай жасап, халыққа барынша қолжетімді ету қажет. Президент тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту - басым міндеттердің бірі»,- деді Оңдасын Оразалин.

Ақтөбе облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған барлығы 32 спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 19 мыңнан аса бала жаттығады, тағы 36 мың бала аула клубтарына барып жүр. Биыл БЖСМ-нің жаттықтырушы-оқытушыларының штаты көбейіп, 105 адамға артты. Барлық аудандық БЖСМ-нің филиалы бар. Бүгінде 62 ауылда БЖСМ филиалы жұмыс істеп тұр. Айта кету керек, БЖСМ-нің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 2019 жылы 40 млн теңге, ал былтыр 115 млн теңге бөлінген. Спортпен шұғылдануға ниетті ақтөбеліктер үшін барлығы 1800-ден аса спорт нысаны қолжетімді. Сонымен бірге, жаңа спорт нысандарының, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жалғасып жатыр. Мәселен, жыл басынан бері Ақтөбе қаласында шаңғы роллері трассасы мен Ойыл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Қарғалы, Темір, Мұғалжар, Хромтау аудандарының орталығында, сонымен қатар, Хромтау ауданының Көктау ауылында бес дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. «Самрұқ – Қазына - Трасттің» қолдауымен Мұғалжар ауданының Ембі қаласында БЖСМ жанынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызу басталды. Сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ақтөбеде триатлон паркінің құрылысы аяқталып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында биыл физикалық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенін және Жарқамыс, Жарлы, Жағабұлак пен Құрылыс ауылдарында төрт спорт кешенін салу үшін қаржы бөлу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы халқының 32% астамы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады.