Ақтөбеде студент-жастардың талап-тілектері қарастырылуда

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде жоғары оқу орындары мен мекемелердің жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары кездесу өткізді. Онда жастар арасындағы негізгі мәселелер айқындалып, бірлескен шара өткізу жоспары құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде студент-жастардың талап-тілектері қарастырылуда

Ақтөбе жастары бір ортада бас қосып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Қазіргі кезде облыстық Жастар ресурстық орталығы қаладағы жоғары оқу орындарының жатақханаларын аралап, студенттермен кездесіп жүр.

«Жатақханада жататын жастармен кездесіп, облыстағы жастар саясатын түсіндіріп жүрміз. Алдымен, Жұбанов атындағы өңірлік университеттен бастадық. Әр аптаның бейсенбі күні өтетін кездесу әрі қарай да жалғасады. Біз үшін олардың ұсынысы, кезіккен проблемалары маңызды. Жастар көбіне жатақханадағы тұрмыстық техника, интернет тарту жолы, жаттығу залымен қамту жөнінде айтты. Бәрін оқу орнының басшыларына жеткіземіз, оның шешу жолдарын қарастырамыз. Бұрын мәселен тазартылған ауыз су сататын арнайы құрылғы дүкендерде болса, қазір жатақхана ішіне қондырылған. Осы ретпен түйін тарқап жатыр», - деді облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрлыбек Мусин.

Сонымен бірге аудан, ауылдарда да жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама түсіндіріледі. Әсіресе «Жасыл ел», «Серпін» бағдарламалары мен қайтарымсыз грант алу, облыс әкімінің білім гранты туралы айтылуда.

«Студенттер өзін қоғам мүшесі ретінде сезіне білуі тиіс. Адами капитал сапасын арттыру мақсатында олардың көпшілік арасына жиі шығуын ұйымдастыра білу маңызды. Спорттық салада жетістіктерге жетіп, жақсы үлгі көрсетіп жүрген жастарды үлгі тұтамыз. Мәселен, АҚШ-та білім алып жүрген жерлесімізбен кездесу өткіздік. Ол бізге шетелде білім алу жолы мен тәжірибе жинау үлгісін айтып берді. Спортта жетістікке жеткен мақтаныштарымыз да кездесу өткізді. Мұның бәрі жастарға серпін, күш береді», - деді Бәйішев университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Ағысбай Жарасқан.