Ақтөбеде су басқан аудандардың балалары қалада демалады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында 1-10 сынып оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Су тасқыны кезінде зардап шеккен ауылдың балалары қаладағы мектеп-интернатқа орналастырылып, түрлі танымдық-спорттық шара ұйымдастырылады.

ойын
Фото: «Теңізшевройл» компаниясы

Ақтөбе облысы бойынша 1-10 сыныптың 159 мыңнан астам оқушысы биыл түгел жазғы демалыспен қамтылуы мүмкін. Ақтөбе облыстық білім басқармасы әр оқушының қала сыртындағы, мектеп жанындағы, қосымша білім беру ұйымдары мен өзге аймақтардағы демалыс орындарына барып, 10-15 күнін өткізуді, сөйтіп балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

- Ақтөбеде 2 мемлекеттік лагерь бар. Оның бірі жыл бойы жұмыс істейтін – «Күншуақ» лагері. Мұнда 600-ден астам бала барады. «Күншуақ» лагері ерекше күтімді қажет ететін және арнайы санаттағы балалардың демалысын ұйымдастыруға ашылған болатын. Бір ауысымда 100 баланы қамтиды. Ауысым ұзақтығы - 10 күн. Екіншісі Қобда ауданындағы «Әлия» маусымдық лагері. Сыйымдылығы - 72 бала. 4 ауысымда 300-ге жуық баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Қала сыртындағы өзге де жеке лагерьлерде 10 мыңға жуық баланың демалысы ұйымдастырылады. Жолдама құны 70-110 мың теңге аралығында, - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен ауылдың 1147 баласына тегін демалыс ұйымдастырылады. Іріктеуде үздік, дарынды, зияткер, шығармашыл балаларға басымдық беріледі. Сонымен бірге 7 мыңнан астам бала басқа да сауықтыру орындарына, көршілес өңірлердің лагерьлеріне жіберіледі.

- Биыл мектеп жанындағы 673 лагерь де жұмыс істейді. Оның 293-інде тамақ болады. Ал өзгесі бейінді лагерь. Онда 77 мың бала қамтылады. Лагерьлер негізінен мәдени, рухани, экологиялық, технологиялық, инновациялық, көркемдік-эстетикалық, дене шынықтыру, туристік-өлкентану бағытын қамтиды. Республика және облыстың киелі орындарына 26 мыңға жуық бала барады деп жоспарланған. 1 маусым және 31 шілде аралығында облыстағы 49 қосымша білім беру мекемесі де жұмысын жалғастырады. Жазғы алаң мен үйірмелер болады, - деді Нұргүл Бертілеуова.

Ал 700-ге жуық оқушы жаз айларында жұмыс істей алады. Заң аясында олар жеңіл жұмысқа тартылады. «Жасыл ел» жасағына 558 оқушы, Ойыл ауданының «Спарта» шаруашылығында 45, ата-аналарымен 70 адам барады. Ал су тасқыны салдарынан зардап шеккен бірнеше аудандағы ауыл балаларына «Талант тур» жобасы ұйымдастырылады.

- Жоба аясында 500 бала қамтылады. Олардың демалысы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Олар қаладағы мектеп-интернаттарға орналастырылып, көрікті жерлерге, мұражайларға апарылады. Мәдениет, тарих, өлкетану, спорт, зияткер, білім-лингвистика бағытында шеберлік кластар, интерактивті экскурсияларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. «Жанды сабақтар» жобасы аясында 2500 бала көлікті, киелі жерлерді аралайды. Қала сыртындағы, мектеп жанындағы демалысты ұйымдастыру үшін штаб құрылды. Құрамында білім басқармасының мамандары, эпидемиолог мамандар мен полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлері кіріп отыр. Қауіпсіздік, тамақтану орындарының санитарлық тазалығы назарда болады, - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.