Ақтөбеде су добынан ҚР чемпионатының екінші кезеңі аяқталды
Ақтөбе қаласындағы «Достық» су спорты орталығында 2006 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында ел біріншілігінің екінші кезеңі аяқталды. Чемпионатқа Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе облыстарынан 9 команда қатысып, бақ сынасты.
«Бір аптаға созылған чемпионаттың екінші айналымының нәтижесі бойынша Тараз командасы турнир кестесінде бірінші тұр. Барлық қарсылас командасын жеңіп, 12 ұпай жинады. Екінші орында - 10 ұпаймен Нұр-Сұлтан қаласының спортшылары. Ал үшінші орында - ақтөбелік ватерполшылар, команданың қоржынында 8 ұпай», - деді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметкері Ерлан Мұқан.
Айта кетейік, жарыстың бірінші туры Атырау қаласында өтті. Ал үшінші кезең және финалдық ойын Өскемен қаласында 25 сәуір мен 2 мамыр аралығында болады.