Ақтөбеде су тасқыны кезінде бұзылған үйлерді сүру жұмысы әлі басталмады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде былтырғы су тасқыны кезінде бұзылған, жарамсыз болған үйлер биыл сүрілуі тиіс. Әлі күнге дейін мердігер анықталмай жатыр.

Ақтөбеде су тасқыны кезінде бұзылған үйлерді сүру жұмысы әлі басталмады
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қалалық әкімдігі су тасқыны кезінде апатты деп танылған үйлердің бәрін сүріп, орнын тазалауға шешім қабылдады. Мемлекеттік сатып алу конкурсы өткенімен, мердігерлер бір-біріне шағым түсіріп, уақыт созып жатыр.

– Су тасқыны салдарынан жарамсыз деп танылған үйлерді сүру, орнын тазалау жұмыстарын жүргізумен айналысатын мердігер ұйымды анықтау үшін Алматы ауданының әкімдігі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнамасына сәйкес екі рет конкурс жариялады. Екеуінің де қорытындысы мердігерді анықтай алмады. Біріншісінде мердігер болуға үміткер ұйымдардың тапсырған құжаттары толық болмай, конкурстың талабынан өтпей қалды. Екіншісінде конкурс арқылы жеңімпаз деп танылған мердігердің үстінен ұтылған мердігер арыз түсірді. Бір-бірінің үстінен арыз жазған жағдайда конкурстың нәтижесі жойылады. Енді Алматы ауданының әкімдігі үшінші қайтара конкурс жариялады. Оның қорытындысы келесі аптада шығуы керек. Мердігер анықталған жағдайда бірден жұмысқа кіріседі. Ол жұмыстар үшін Алматы ауданының әкімдігі 264 млн теңге қарастырып отыр, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе қаласында су тасқыны кезінде 191 үй апатты деп танылды. Енді бұл жерлер мемлекеттің меншігі.

Соңғы жаңалықтар