Ақтөбеде су тасқыны кезінде көмек көрсеткен ұстаздар марапатталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде көктемгі су тасқыны кезінде эвакуациялық пункттерде жұмыс істеп, көмек көрсеткен педагог мамандар марапатталды. Сонымен бірге ауыл балаларын қалаға алдырып, білім берген ұжым 1 млн теңге алды.

Ақтөбеде су тасқыны кезінде көмек көрсеткен ұстаздар марапатталды
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан төтенше жағдайдың әсерін, сол кездегі мұғалімдердің бірлігін атап өтті. Көп жылғы адал еңбегі мен білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

мұғалім
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

- Облысымызда бірнеше аудан су тасқынынан зардап шегіп, бірнеше білім нысаны зақымданған болатын. Оның ішінде балабақшалар, мектептер, колледждер, қосымша білім ұйымдары бар. Міне, осындай кезде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ұжымдық рухпен бір үйдің баласындай болып жұмылып, абыроймен шықтық деп айтсақ артық емес. Облысымызда бірнеше мектеп эвакуациялық пункт ретінде қызмет етті. Үйсіз-күйсіз қалған жерлестерімізді орналастырып, тамақтандырып, оларға қажетті жарақтармен қамтамасыз етті. Барлық ұстаздарымыз, әріптестеріміз жаны ашып жүгіріп жүрді. Бірде-бір ұстаз «бұл педагог статусына сәйкес келмейтін тапсырма» деп айтқан жоқ. Ауызбіршілігіміз дәл осындай мықты болсын, - деді Жайық Сұлтан.

марапат
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Оқу жылының қорытындысында ҚР Оқу-ағарту министрінің атынан «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі 14 шебер педагогке табыстады. «Үздік олимпиадалық мектеп» қатарына енген 4 мектеп және су тасқынынан зардап шеккен Ш.Берсиев атындағы мектеп түлектерін ҰБТ мен қорытынды аттестациялауға дайындалуға көмегін берген М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының мұғалімдері де марапаттан құр қалмады. Шараға «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы қоғамдық бірлестігі» Ақтөбе облысы ұйымының төрайымы Раушан Серікқызы Серікова қатысып, М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының кәсіподақ мүшелеріне 1 000 000 теңге берді. Директоры Төлеген Аймұқатов «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Үздік ұстазға шипажайына жолдама табысталды.

марапат
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылдан бері «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» және «Ақтөбе облысының үздік педагогі» атақтары беріліп келеді.

Бұл атақтарға ие болған педагогтерге 300 және 500 АЕК көлеміндегі қаржылай сыйақы да тағайындалған. Бүгінгі күнге дейін 28 педагог осы марапатты иеленді. Екі педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды.