Ақтөбеде су тасқыны шығынын есептеу комиссиясы ертең жұмысын бастайды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе қаласының Елек өзені жағасында тұрып, үйі суға кеткен тұрғындары қазір баспанасын резеңке қайықпен, киіммен қарап жүр. Қалада ертең шығын есептеу басталады.

тасқын
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласы Елек өзенін бойлай қоныстанған бау-бақшы ұжымдарының тұрғындары күндіз суға кеткен үйлерін жағалап жүр.

Олар резеңке қайық пен киім алып, бір-бірінен сұрап, қазіргі ахуалын қарап кетеді. 

— АЗФ-6 бау-бақша ұжымында тұрамын. 25 наурыз күні бізге су келе бастады. 8 балам бар. Оларды төртке бөліп, ұлын бөлек, қызымызды бөлек ағайын-туысқа жібердік. Өзім эвакуациялық пунктке бардым. Қазір үйді қарап жүрмін. Заттың бәрі жүзіп кеткен. Бұл үйді 2019 жылы сатып алып, жапсарлас бөлмелер салдым, газ кіргіздім. Пәтер жалдай да алмаймыз. Ешкім бізге пәтерін бізге жалға бермейді, — деді Марат Тайлақбаев. 

тасқын су
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Біраз тұрғындар кейбір затын шатырға шығарса, кейбірі еш әрекет етіп үлгермеген. 

— АЗФ-9 бау-бақша ұжымында тұрамын. Осында тұрып жатқанына 5-6 жыл болды. Бәрі суға кетті. Тоңазытқыш, мұздатқыш, газ құрылғысы бәрі суда тұр. Тек құжатты алып үлгердік. Біз үйімізге су кіреді деп ойламадық. Біздің үйіміз құламаған, ал Ойылдың жағдайы қиын екен. Халыққа рахмет айтамыз. Қазір мектепке орналастық. Киім-кешек, тамақ бар,- деді тұрғын 
Гүлмира Қойшыбаева.

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек беріледі.

Тек алдымен су кірген үйдің санын және бүлінген мүлікті түгендеу қажет. 

тасқын
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Комиссия Ақтөбе қаласындағы екі аудан әкімдіктерімен бірге дүйсенбіде аумақтарды аралау жұмыстарын бастайды. Әзірге су басқан саяжай аумақтарына кіру мүмкін болмағандықтан суға кеткен үйлердің нақты саны шығарылған жоқ, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі. 

Ал төтенше жағдай жариялаған Әйтеке би ауданында есептеу жұмысы екі күнде аяқталады деп жоспарланған.

Қазіргі кезде комиссия су кірген үйлерді аралап жүр. 

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет комиссия үйлерге тәуелсіз бағалаушы компания өкілдерімен бірге баратынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар