Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға заңгерлер тегін кеңес берді

заңгерлік кеңес
Фото: Ақтөбе облыстық қоғамдық штабы

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласындағы жатақханаларға қоныстанған тұрғындарға банк қызметкерлерімен бірге заңгерлер де кеңес беріп жүр. Тұрғындардың көбі материалдық шығынды есептеу тетігін сұрады.

Ақтөбе қаласы бойынша барлығы 7 эвакуациялық пункт бар.

Қазір бәрі жоғары және арнаулы оқу орындарының жатақханасында орналасқан.

Мұнда облыстық қоғамдық штаб өкілдері күнде барып, тұрғындардың хал-жағдайын біледі.

Сонымен бірге арнайы мамандар да кездесу өткізіп жүр.

кеңес
Фото: Ақтөбе облыстық қоғамдық штабы

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің жатақханасында заңгер Әсел Әйтекова мен Мұхтар Мырзаш тұрғындарға бірреттік өтемақыны алу, суға кеткен үйлердің құжаттарын реттеу және материалдық шығынды есептеу жолын түсіндірді.

Әсел Әйтекованың айтуынша, қазір арнайы комиссиялар су басқан үйлерді тексеріп, тұрғындардың дүние-мүлкін бағалап жатыр.

Осы тұста көп мәселе кезігеді. 

кеңес
Фото: Ақтөбе облыстық қоғамдық штабы

— Бірінде үйінің құжаты дұрыс болмаса, енді бір адам суға кеткен үйді пәтер ретінде жалдап тұрған. Пәтер иесімен арада келісімшарт жоқ. Тағы бір отбасы бір аулада екі үй салған, ал құжат тек біреуінде ғана бар. Осындай жағдайларда тұрғындар қиындықтарға тап болды. Егер комиссия шешімімен келіспесе, арыз жазуына құқығы бар. Дегенмен қолында заңды құжаты болуға тиіс. Ал біржолғы өтемақы алмаған отбасылар өз аумағындағы әкімдікке өтініш жазуы керек. Кезекпен оларға өтемақы төленеді, — деді заңгер Әсел Әйтекова. 

Өңірде ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жалғасып жатыр.

Оған қоғамдық штаб мүшелері жұмылдырылған.

кеңес
Фото: Ақтөбе облыстық қоғамдық штабы

 

Соңғы жаңалықтар