Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендер партия бақылауына алынды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде көптемде 771 үйді су басты. Қазіргі дерек бойынша 81 үй қирап, жарамсыз күйге түсті. Жалғыз баспанасынан айырылып, далада қалған адамдарды көрген халық алғашқы күні-ақ жұмылып, көмек көрсетуге асықты. Азық-түлік, киім-кешек пен гигиеналық заттар жеткізіліп, тұрғындар қолда барымен бөлісті. Өзге өңірлер де есепшот ашып қаржы жинап, жиналған заттарды көлікпен жөнелтті. Қиын күндері «Нұр Отан» партиясы да халық жанынан табылды. Жастар адамдарды эвакуациялауға атсалысып, мүліктерін тасып берді. Жиналған заттарды мұқтаж азаматтарға үлестірді.
Ақтөбедегі ахуал елімізге жақсы таныс. Ірі өзендер бойындағы саяжайды паналаған халықтың жалғыз баспанасы су ішінде қалып, бәрі бірер күнде уақытша мектептерге орналастырылды. Кейін қалалық әкімдік пәтер жалдап, көбі туған-туыстарының үйін паналап жүрді. Күн жылына суда қалған үйлеріне оралған адамдар мүліктерін кептіріп, үйлеріндегі заттарын түгелдеп жатыр. Көбі жарамсыз күйге түскен. Оны қалалық әкімдік жанынан құрылған арнайы штаб тексеріп, бағалаушылар шығын көлемін анықтайды.
Өңірде атқарылып жатқан осы жұмыспен «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов танысты. Елек өзені тасыған кезде, баспанасын тастап, бала-шағаны алып шыққан Орынтай Әбдібәкиев Ақтөбе қаласындағы «АЗФ-6» бау-бақша ұжымына 2014 жылы Әйтеке би ауданынан көшіп келген. Несие алып, үй салған зейнеткер үй құжаттарын рәсімдеуді қалайды.
«Ешкімге өкпелеуге болмайды. Бұдан да жаман уақытты бастан өткердік. Бір түйір нан да жей алмаған күндер өтті. Көктемгі тасқын кезінде үйге су кірді. Қазір от жағып, кептіріп жатырмыз. Адамдар азық-түлік, киім, қажетті заттар әкелді. Құрылыс материалы қажет деп өтініш те бердік»,- деді Орынтай Әбдібәкиев. Зейнеткердің ұлы сауда орнында жұмысшы. Төрт немересінің екеуі мектепке барады, біреуі 2 жастан асты. Ортаншы бала Жайсаң мектеп-интернатында тәрбиеленіп жатыр. Әр адамға көмек деген бастамамен Ақтөбеге келген «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов азық-түлік пен балалардың киімін алып берді. Таяуда бұл отбасыға құрылыс материалдары да жеткізілетін болады.
Су тасқыны кезінде зардап шеккендер арнайы ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауға асықты. «Геолог» мәдениет үйіндегі қабылдау жұмысына өңірдегі басқарма басшылары мен психологтар, медиаторлар мен қорғаушылар да қатысты. Зардап шеккендерге құқықтық кеңес берілді.
«Өңірлер суға кеткен кезде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жергілікті жердегі партия ұйымдарына үндеу жариялады. Басты міндет - зардап шеккендерің жанында болу, көмектесу. Қазір нақты жұмыс атқарылып жатыр. Ақтөбе облысында жер телімі, пәтер берілді. Әлеуметтік көмек те бар. Комиссия құрылып, зардап шеккендер түгел тізімге алынды. Әр адамның мәселесі толық шешіледі деген үміттеміз. Сонымен қатар, республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі Әділет, Қаржы, Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдерімен тұрғандарды қабылдады. Жұмыс әрі қарай жалғасады»,- деді «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов.
Екі жерде қоғамдық қабылдау өтіп, кейін су тасқыны кезінде зардап шеккен Орынбек Пірімжанов пен Кумида Халыловаға сауықтыру, емдеу орындарына арналған жолдама берілді. Күн сайын тілегін айтып, өтінішін жеткізіп жатқан ақтөбеліктерді қабылдау жұмысы өңірде жалғаса бермек. Су тасқыны кезінде жеткізілген азық-түлік пен киім де адамдарға тең бөлініп үлестірілуде.