Ақтөбеде суға кету қаупі бар ауылда егіздер өмірге келді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ырғыз ауданы Нұра ауылында өмірге келген сәбилер анасымен бірге аудан орталығына жеткізілді. Олар тікұшақпен тасымалданды.
Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ырғыз ауданын аэровизуалды тексеру кезінде эвакуацияланғандар арасындағы жас ана мен жаңа туған егіздерге көмек көрсетілді.

- Жаңа туған нәрестелер қауіпсіз аймақта. Олардың анасы Т.Бигелдинов атындағы әскери ұшу институты және ТЖМ қызметкерлеріне алғыстарын білдірді, - деп хабарлады Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Жас ананы Нұра ауылындағы жалпы тәжірибелі дәрігер Сәуле Сатаева босандырып алған.
- Бұл жас ананың алтыншы баласы. Бәрінің жағдайы жақсы. Қазір Ырғыз орталық перзентханасында жатыр. Біреуінің салмағы - 2 800, екіншісінің салмағы - 3050 грамм, - деді Ырғыз аудандық перзентханасының акушер-гинекологі Кәмшат Сәрсенғалиева.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында қанша үйге су кіргені туралы жазған болатыбыз.