Ақтөбеде су шайып кеткен өткелге кезекшілік қойылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ойылдағы су шайып кеткен өткелде төтенше жағдайлар қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган мен әскерилер қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр.

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткел үстінен су өткені туралы ақпарат бүгін сағат 08:30–да түскен.
— Қазіргі кезде ауылға қауіп төніп тұрған жоқ. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Су шайған жерде ТЖД күштерінен 10 адам, 3 техника, жергілікті атқарушы органнан 20 адам, 3 экскаватор, 3 жүк тиегіш, 8 жүк таситын көлік жүр. Сонымен бірге төтенше жағдайлар қызметінен тағы 14 адам 5 техника жіберілді. Оларда жол талғамайтын көлік бар. ТЖМ Есет батыр Көкіұлы атындағы 20982 әскери бөлімінен де 20 адам мен 3 техника, бір моторлы қайық жіберілді, — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Ойылға кіреберістегі уақытша өткелді су шайып кетті. Салдарынан көлік қатынасы шектелді. Адамдар екі араға жаяу өтіп жүр. Оларға төтенше жағдайлар қызметкерлері көмектеседі.
Былтыр көктемде бұл көпір қисайып, жөндеу жұмысына 4 млрд теңге бөлінді.