Ақтөбеде сұйытылған газ әлі де тапшы

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында сұйытылған газ әлі де тапшы. Жергілікті әкімдік мұны ірі мұнай компанияларындағы жөндеу жұмысымен және өңірге бөлінген газ көлемінің сұранысқа сай келмеуімен байланыстырып отыр.

газ, заправка
Фото: ҚР СИМ Сауда комитеті

Ақтөбе облысында жаз бойы сұйытылған газ тапшы болды. Жүргізушілер сағаттап кезекке тұрып, кейбірі талон іздеп кетті. Бұл мәселе күз келгенде де толық шешімін таппады. Облыстық әкімдік оның екі себебін атады.

- ҚР Энергетика министрлігі қыркүйек айында сұйытылған газды беру көлемін ұлғайтуға уәде етті. Бірақ ол бөлінбеді. Қазан айына деп жоспарлағанда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ында газ өңдейтін бір аппараты сынып қалып, өндіріс көлемі сәл төмендеп қалды. Бұл компания ай сайын 6 мың тонна беретін еді. Осы айда 800 тоннаға кемітті. Сонымен бірге Атырау мұнай өңдеу зауытынан да газ келетін еді. Мұнда жоспарлы жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұл зауыт 24-25 күндері жұмысын бастайды. Сол кезде ғана бізге қосымша газ бөлінеді, - деді Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.

Оның айтуынша, қазан айында Ақтөбеге 13 000 тонна газ бөлінуі тиіс еді. Алайда тек 11 388 тоннасы ғана берілетін болды. Қазір 2800 тоннасы қалып тұр. Сол себепті әр күнге тек 280 тоннасы шығарылып, сатылады.

- Қараша айында 13000 тонна газ бөлінеді. Сондықтан келесі айда мұндай проблема болмайды деп ойлаймыз. Бізде 58 мыңнан астам көлік газбен жүреді. Оған транзиттік көліктер мен тіркеуге алынбаған грузиндік, ресейлік көліктерді де қосу керек. Сонда сұраныс жоғары, - деді Алмас Салықбаев.

Еске салсақ, Ақтөбеде шілде айынан бастап газ құю бекеттенінде ұзынсонар кезек пайда болды. 

Соңғы жаңалықтар