Ақтөбеде сұйытылған газды Ауғанстанға жібермек болғандар сот залынан ақталып шықты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Өткен жылы Ақтөбеде сұйытылған газды шетел асырмақ болғандар ұсталған болатын. Қылмыстық кодекстің «Экономикалық контрабанда» бабы бойынша айыпталғандар сот залынан ақталып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде сұйытылған газды Ауғанстанға жібермек болғандар сот залынан ақталып шықты

Ақтөбе облысында сұйытылған газ тапшылығы болған кезде тексеру жүріп, контрабандалық дерек анықталды. Өткен жылдың сәуір айында «Голд Степ» компаниясының директоры Берік Есенов тұтқандалып, оған күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Денсаулығына байланысты үйқамаққа ауыстыруды сұрағанымен, еш нәтиже шықтаған болатын. 

Ал №2 Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің «Экономикалық контрабанда» бабы бойынша айыпталғандар  бостандыққа шықты. Олар: Аман Сыздықов, Синап Алданаев, Елдос Мұханбетжан, Есен Тоқмурзин, Ерлан Мұстафин, Бақытхан Тлепов, Берік Есенов. Тек «Газ Импекс» ЖШС өкілі, айыпталушы Камилл Тулегенов экономикалық контрабанда жасағаны үшін айыпты деп танылып, оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

«Сот отырысы кезінде Б.Есенов, А.Сыздықов, Е.Мұханбетжан, Е.Тоқмурзин, С.Алдандаев, Б.Тлепов, Е.Мұстафинге тағылған айыпты дәлелдейтін құжаттар болмады. Олар жазықсыз деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылық дерегі расталмаған соң бостандыққа жіберілді. Ал айыпталушы К.Тулегенов Қылмыстық кодекстің 234 бабы бойынша айыпты деп танылып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол 195 миллион теңге шығынды өтейді»,- деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Еске салсақ, «Экономикалық контрабанда» бабы бойынша айып тағылған күдіктілер 15 мың тонна газды Ауғанстан асырмақ болғаны айтылды. Ішкі нарыққа арналған газды шетел асыру дерегін Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаменті де тергеді. Сот отырысы кезінде ақша айналымы туралы «жұмыс дәптері» табылғанымен, бұл контрабандаға дәлел бола алмады.