Ақтөбеде тақырға айналған жайылым жерді қалпына келтіру жұмысы басталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Мұғалжар және Әйтеке би аудандарының шаруалары жер жырту жұмысын бастады. Оларға көпжылдық шөптердің тұқымы таратылды.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының «Климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және жайылымдық алқаптарды қалпына келтіруге арналған агролесомелиорация» жобасы Ақтөбеден басталды. Облыстағы Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында екі ауылдық округ аумағы таңдалды. Онда 7 шаруамен арада келісімшартқа қол қойылып, бүгінде жер жырту жұмысы жүріп жатыр.

— Мұғалжар ауданы бойынша 275 гектар жерді жырту, көпжылдық шөптің тұқымын себу жұмысы атқарылады. Қазіргі уақытта тұқым мен жер жырту құрылғысы әкелінді. Енді жанар-жағармайы жеткізіледі. Ұйымдастырушылар осы қажеттіліктің бәрін берді. Ал төрт шаруа осы жұмыстарды үйлестіреді. Бұл шаруалар үшін ең тиімді жол болуы мүмкін. Себебі жайылым жерде шығым аз. Алғашында адамдар күмәнмен қараған еді. Ал қазір төрт шаруа іске кіріскен кезде өзгелер де сұрап жатыр. Биыл күзде тұқым себеді, келер жылы шығымы жайлы білеміз, — деді Мұғалжар ауданы Талдысай ауылдық округінің әкімі Айбек Мұханов.
Ал Әйтеке би ауданы бойынша Аралтоғай ауылдық округінің үш шаруасы таңдалды. Мұнда да жер жырту жұмысы басталды.

— Жоба сарапшылары Аралтоғай және Талдысай ауылдық округтерінде жергілікті фермерлермен бірлесіп, еркекшөп пен түйежоңышқа сияқты малазықтық дақылдардың егістігіне арналған тәжірибелік үлгі алқаптарын құрды. Заманауи ауыл шаруашылығы техникасын, соның ішінде чизельді соқаны пайдаланып, тұқым ғылыми негізделген әдістеме бойынша себілді. Бұл жұмыс фермерлердің үлкен қызығушылығын тудырды, — деп хабарлады Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы.
Еске салсақ, елімізде 30 млн гектар жайылым табиғат әсерінен, ал 27 млн гектар жер мал таптағаннан жарамсыз күйге түсті. Kazinform тілшісі осы жерлерді қалпына келтіруге арналған пилоттық жобаның қалай басталып, қандай жұмыс атқарылып жатқанын анықтап білді.
Кейін Ақтөбенің екі ауданында тақырға айналған жайылымға еркекшөп пен жоңышқа егілетіні белгілі болды.