Ақтөбеде тарыдан ондаған тағам жасалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде тарыдан жасалған ұлттық тағамдар қайта жаңғырды. Бүгін ондаған тағам дайындалып, ұсынылды.

Ақтөбе қаласының 156 жылдығына орай қалада этнофестиваль өтті. Онда жүн түту, жүн сабау, ұршық иіру секілді ұлттық салт-дәстүр жаңарып, кимешек киген әжелер шеберлік сабағын өткізді. Сонымен бірге ұлттық тағамды қайта жаңғыртқан кәсіпкерлер ұлттық тағамды дайындау жолын ұсынды.

- Сары майдың суы мен шұбат қосып, тары араластырамыз. Бұл тағамды таңертең аш қарынға жейді. Ал халва тары жармасы мен ірімшіктен, сары майдан жасалады,- деді Анаргүл Қаужымова.

Жас кәсіпкер қазір қалада отырып, сүт және сүт өнімдерін, ұлттық тағамдар дайындайды. Тіпті тарыдан жасалған нан пісіреді. Ол үшін шикі тарыны пайдаланады. Қазір өзі тарыдан 10-нан астам өнім алып отыр, сұраныс та жоғары.

Ал Ақтөбе облысы Ойыл ауданы 14 түрлі тағам әзірледі. Ауданда ене мен келін клубы бар. Қариялар келіндеріне жасалу жолын үйретеді.
- Қазақтың ұлттық тағамын арнайы сатамыз деп айта алмаймын. Бұл әр қазақтың дастарханында бар өнімдер. Мәселен құрт қосылған жент. Қайнатылған құртқа тарының талқанын қосамыз. Сонымен бірге мейіз, қант қосып, жаншып, қолдың сары майына араластырамыз. Ал айран көже шөлді қандырады. «Бидай көже түн қатқанша, айран көже таң атқанша» деген сөз бар. Тарыны жуып, қайнатып, суырып, тұзын салады. Соңында айран құяды. Ашыған сүт көжені дайындау жолы оңай. Тарыны жуып, екі литр сүтке қайнатады. Қайнаған соң тұз, қант салады. Соңында 4-5 қасық ашыған айран құйып жібереді. Қазымайсөк деген өте дәмді тағам бар. Қазыны арнайы қайнатып алып, сорпа бетіне шыққан майын қалқып, тары бөктіреді. Ал майсөк етті қайнатып, соның майына тарыны бөктіреді. Ойылдың бренді – тары. Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің ауылы деп тары өнімін жиі ұсынамыз, - деді «Әйел бақыты» жас келіндер клубының мүшесі Гүлнара Бисекенова.

Ал Мәдениет саласының ардагері Балқия Рысбаева тарыдан 50 түрлі тағам дайындай алады. Тарының адам денсаулығына пайдасы мен балаларға ұсыну әдісін айтып берді.

- Қауынға, асқабаққа да қосып беруге болады. Сүт көже, айран көженің дәмін тары қосып келтіреміз. Дәмді құртқа қант, тары салып қойса бөгіп тұрады. Қаймаққа қант, тарының жармасын салып, бір кесесін жеп алса тоқ жүреді. Ер балаларға тары бөктіріп берген бұрын. Бұл әрі тағам, әрі сусын, әрі күш-қуат береді. Дәруменге толы тағам ғой. Дүкендегі түрлі зиянды тағамның орнына бір қасық тары жегізу керек. Баланың ауыз қуысындағы бұлшық еті дамиды, тісі өткір, таза болады. Мақсат – тарыны болашаққа таныту, насихаттау,- деді зейнеткер.

Ақтөбеде тары қуырып, сату шағын кәсіптің түрі. Сонымен бірге өңірде түрлі фестиваль өткізіліп тұрады.
- Қазір заман қайта өзгеріп, адамдар ұлттық тағамды сатып алады. Ұлттық тағамның бағасы артты. Өзім тары келдегіне барамын, оны басып, тазартып аламын. Кейін қуырып, сатамын,- деді Ақзер Қайыржанова.

Бұған дейін ұлттық тағам Наурыз көженің жасалу жолы туралы жазылды.