Ақтөбеде тары қуырудың ғасырлық технологиясы жаңғыртылмақ
Ақтөбедегі Ойыл ауданының шаруалары Шығанақ Берсиевтің тары қуыру технологиясын қайта жаңғыртады. Аудан шаруалары Қызылордаға барып, өткен ғасырда атақты тарышы қолданған құрал-жабдықты іздестіреді.
«Ауданда тары өңдеу цехын ашып, жиналған өнімді бір жерден қуыру, түю, дайын өнімді сату жоспарда бар. Себебі ауыл шаруалары ғана емес, ауыл адамдары тары өсіріп, оны қуыру жолын біледі. Бәрін біріктіріп, жаңа кооператив құрылады»,- деді Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева.
Елімізде алғаш боп тарыны экспортқа шығаруды қолға алған кәсіпкер Жұмабай Жақып Италияға 25 келі тары, 20 келі талқан апарып, 200 гр 1 еуроға сатты. Көрме кезінде жент 6 еуроға бағаланды. Биыл бұл көрме Оңтүстік Кореяда өтеді. Шаруа бұл шақыруды да қабыл алып, тарыны таныстыруды әрі қарай жалғастырады.
«Ауыл шаруалары бірігіп, тарыны бір жерде өңдеуге келісім жасалды. Цехқа арналған ғимарат бар. Алдағы уақытта Қызылорда облысына барып, іздеу жұмысын жүргіземіз. Себебі атақты тарышы Шығанақ Берсиев өткен ғасырда тары өңдеуге арналған құрал-жабдықты Қызылордадан жасатып әкелген. Біз сол ізбен жүріп, күніне 200 келі тары өңдеуге мүмкіндік беретін технологияны қайта жаңғыртқымыз келеді. Тапсырыс бар, біз де жыл сайын тары өсіру аумағын кеңейтіп жүрміз»,- деді «Жақып» ШҚ директоры Жұмабай Жақып.
Шаруалар тарыны суармалы және құрғақ әдіспен егеді. Суармалы әдіспен мол өнім жиналады.
«Биыл жаңбыр аз, күн ыстық болды. Сондықтан құрғақ әдіспен егілген аумақтың әр гектарынан 2-3 центнер өнім жиналды. Ал суармалы алқаптың әр гектарынан 12-15 центнерден өнім алдық. Бәрі ауа райына байланысты. Біз тарыны өзен жағасына ектік. 40 гектар аумақты суару үшін 3-4 күн бойы үздіксіз мотор қосулы болады. Әрі өзен суы аз. Жетпей қалып жатады. Дегенмен туған жерден жыраққа кетпей, келер жылы тары аумағын 100 гектарға жеткізу жоспарымыз бар. Осы арқылы біз облысты түгел тарымен қамтамасыз ете аламыз»,- деді Ж.Жақып.
Ақтөбенің Ойыл ауданына коммуналдық базардан арнайы орын берілді. Ауыл шаруалары дайын тары мен талқанды, сүт және сүт өнімдерін қалалықтарға қолжетімді бағаға сатады.