Ақтөбеде тасқын кезінде халыққа көмекке келген медицина қызметкерлері марапатталды

тасқын
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде Медицина қызметкерлері күні қарсаңында 100-ден астам сала маманы марапатталды. Олардың арасында өз үйі суға кетсе де тұрғындарға көмек көрсеткен ақ халаттылар да бар.

Ақтөбе қаласында медицина қызметкерлері күніне арналған мерекелік шара өтті.

марапат
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Онда ақ халаттыларға Ақтөбе «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. 

Су тасқыны кезінде тұрғындарға көмек көрсеткен дәрігерлер мен мейірбикелерге Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Ақтөбе облыстық ТЖД алғыс хат табыстады.

Барлығы 20-ға жуық ақ халатты алғысқа бөленді. 

— Мен Нұра ауылында 37 жылдан бері жалпы тәжірибелі дәрігер болып еңбек етіп келемін. Зейнетке шыққаныма 4 жыл болды. Бірақ ауылда маман жетіспей, қызметімді жалғастырып жүрмін. Көктемде Ырғыз ауданында су тасқыны болды. Сол кезде жүкті әйелді ауылда босандырып алдық. Ана мен бала өмірін сақтап қалдық. Жанымда екі медбике болды. Ал ауыл, үйіміз суға кетті. Екі ай бойы суда тұр. Біз болсақ Ырғыз ауданы орталығында жұмыс істеп жүрміз. Қиын болса да халыққа қызмет етуді жалғастырамыз. Аудандық ауруханада бір бөлме берді. Сонда жұмысты жалғастырып, адамдарды скринингтен өткізіп жатырмыз, — деді Ырғыз ауданы Нұра ауылдық амбулаториясының дәрігері Сәуле Сатаев.

дәрігер
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Дәрігер отбасы шешімімен Ырғыз ауданы орталығына көшетін болды. Қазір пәтер жалдап тұрып жатыр. 

— Ештеңе ала алмай, тек құжатымызды қолға ұстап шыққан едік. Үйдің төбесіне дейін су келеді деп ешкім ойламады. Енді жаңа үйдің салынуын күтеміз, — деді ол.

марапат
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Жалпы Ақтөбе облысында 14 мыңнан астам медицина қызметкері бар. Оның 4500-і — дәрігер, 9500-ден астамы — орта буын қызметкері. 

— Мемлекетіміздің денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға арналған жобалар Ақтөбе облысында да жүзеге асып жатыр. Оның бірі — ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту. Ұлттық жоба аясында 21 медицина мекемесі ашылады. Оның 8-і салынып болды. Сонымен бірге үш ауданаралық көпсалалы аурухана салынады. Ол Мұғалжар, Шалқар, Хромтау аудандарында жоспарланған. Бүгін ғана Қарғалы қалалық ауруханасында стационар ашылды. Сонымен бірге Стимуляциялық орталық қолданысқа берілді, — деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ербол Тымпиев.

марапат
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар