Ақтөбеде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары ақшасын ала алмай жүр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Конкурс жеңімпаздары 2025 жылдың соңында анықталды. Алайда грант қаржысы келер айда ғана аударылады.
Ақтөбе облысында 2024 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсына 30 грант қарастырылды.
Әрқайсысына 3 млн теңге бөлу жоспарланған еді. Алайда конкурс талаптары күрт өзгеріп, жастар видео таныстырылымын дайындап үлгермеді. 2025 жылы бұл грант тағы да бөлінді.
Алдын ала хабарлама болып, жастар өз жобасын ұсынды. Комиссия қатысушыларды іріктеп, жеңімпаздар да анықталды. Алайда жеңімпаздар қаржыны әлі алмады.
— Ұйымдастыру конкурсын «Жаскен» қоғамдық қоры ұтып алды. Олар құжат қабылдап, комиссия тікелей эфирде іріктеу жүргізгенімен, жастарға қаржыны аудармады. Грант жеңімпаздарына ақша аудару үшін бюджеттен қосымша қаржы аламыз. Облыстық мәслихат сессиясы өткен кезде 20 жастың грантына арналған қаржыны бөлуді қарастырамыз. Оларға 26 млн теңге беріледі. Ақша ақпан айында аударылады. Ал қоғамдық қорды сотқа бердік, шығынды өндіру және жосықсыз деп тану үшін талап арыз түсірдік, — деді Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлібек Тұралиев.
Оның айтуынша, сот отырысы осы аптада өтеді.
Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» облыстық гранттық конкурсында 6 бағыт қамтылды. Онда 20 адамның әрқайсысына 1,3 млн теңге қарастырылды. Комиссияға тек жоба берілді, адамдардың аты-жөні жазылмады. Сонымен бірге іріктеу тікелей эфирде өтті.
Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты облыстық, сонымен бірге республикалық деңгейде өтеді. Республикалық байқаудың отыз үздік жобасының иелері елордаға жиналды. Олардың әрқайсысына 3 млн теңгеден берілді.