Ақтөбеде Тәжікстан азаматтары мінген автобус аударылып қалды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Самара – Шымкент тасжолында «Хундай Старекс» автобусы аударылып қалды. Жолаушылардың бәрі дін аман, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін таңғы сағат 7:00-де автобус аударылып қалды. Самара – Шымкент тасжолында болған жол-көлік оқиғасы кезінде ешкім зардап шеккен жоқ.
«Автобусты 47 жастағы Тәжікстан азаматы жүргізген. Ол көктайғақты ескермей, жол жиегіне шығып кетіп, аударылды. Салон ішінде 10 жолаушы бар. Бәрі де Тәжікстан республикасының азаматы. Олар Ресейдің Челябі қаласынан өз елдеріне жолға шыққан. Жол-көлік оқиғасы кезінде ешкім жарақат алған жоқ», - деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Оқиға орнына барған полиция мен төтенше жағдайлар қызметі автобусты көтеріп, жолға шығарды. Сонымен қатар жолаушылар Хромтау ауданының Бөгетсай ауылындағы жылыту орнына жеткізілді.



