Ақтөбеде телефон алаяғы ұсталды

ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарланғандай, зардап шеккендердің бірі полицияға шағымдануының арқасында 2 мамырда алаяқтың ізіне түсуге мүмкін болды.
Белгісіз біреу Ақтөбенің тұрғынына қоңырау шалып, оның ұлы героин сақтағаны үшін қамауға алынғандығын және оны жауапкершіліктен босату үшін 3 мың доллар қажет екендігін айтқан.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ақшаны беру барысында Ақтөбе қаласының тұрғыны, 33 жастағы әйелді ұстады. Әйелдің сөзіне қарағанда, ақша салынған пакетті ол азаматтық күйеуінің өтініші бойынша алған.
Жедел-іздестіру шарасын өткізу барысында Жангелдин көшесі бойында орналасқан үйлердің бірінің пәтерінде, бұған дейін қарақшылық пен тонау оқиғалары бойынша бірнеше рет істі болған 36 жастағы ер адам ұсталды. Ол өз кәнісін мойындады.
Пәтерді тінту барысында 4 ұялы телефон мен 4 сим-карта алынды.
Бүгінгі күні күдіктінің осыған ұқсақ 11 оқиғаға қатысы бар екендігі дәлелденді. Алаяқтық арқылы алынған ақшаны күдікті аудио-видео аппаратура мен тұрмыстық техника және басқа да заттарды алуға, өзінің жеке қажеттілігіне жұмсаған. Барлық факті бойынша ҚР ҚК-нің 177 бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды, күдікті Ақтөбе қаласы ІІБ-нің уақытша ұстау абақтысына қамалды. Оның басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.