Ақтөбеде телефон ұрлаған баланың әкесі әкімшілік жазаға тартылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде баласы үшін әкесі жаза арқалады. Жасөспірім телефон ұрлап, әкесі 5 тәулікке қамалды.

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қобда ауданының 14 жастағы тұрғыны Ақтөбе қаласына келген. Кәмелет жасқа толмаған бала адам көп жиналатын жерде бейтаныс біреудің телефонын алып кеткен. Полиция оны анықтап, ұрланған байланыс құралын тәркіледі.
- Қобда аудандық сотында кәмелетке толмаған баланың ата-анасына қатысты әкімшілік іс қаралды. Баланы тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін сот шешімімен әкесі кінәлі деп танылды. Баласының тәрбиесіне бейжай қараған ер адам 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, былтыр елде балаға қатысты кез келген зорлық-зомбылық түрлері үшін жауапкершілік қатаңдатылып, заңға өзгеріс енгізілді. Жаңа санкция бойынша кәмелетке толмаған баланы қорлау, яғни буллинг жасағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Егер агрессор кәмелетке толмаса, онда жауапкершілік оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.