Ақтөбеде термені эстрадалық бағытта орындайтын әншілер арасында байқау өтеді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Елімізде алғаш рет эстрада әншілері арасында «Жібек жолы» байқауы өтеді. Байқау кезінде ХІХ ғасырда өмір сүрген ақтөбелік дәстүрлі әнші, жыршы, термешілердің туындылары насихатталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде термені эстрадалық бағытта орындайтын әншілер арасында байқау өтеді

Ақтөбеде өтетін «Жібек жолы» байқауына Өскемен, Ақтау, Алматы, Орал, Қызылорда, Шымкент, Қарағанды қалаларынан өнерпаздар келеді. Олар ақтөбелік ақын-жыраулардың туындыларын эстрадалық бағытта орындайды. Байқауға қатысушылар Қызыл, Батақтық сарысы, Наурызбек, Әбубәкір Кердері, Молдабай, Шернияз сал, Нұрпейіс Байғанин, Бәкір Тәжібаевтың әндерін орындауы тиіс.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына сәйкес «Жібек жолы» эстрадалық байқауы өтеді. Осы жолмен біз Ақтөбенің жыршы, термешілерін елімізге танытқымыз келеді. Жырдың сөзін, құрылымын бұзбай ұрпаққа жеткізуді көздеп отырмыз. Балалар дәстүрлі әнді білмейді, әншіні танымайды. Сұраныс төмен. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтырып, байқауды алдағы жылдары халықаралық деңгейге жеткізуді көздеп отырмыз», - дейді Ақтөбе облыстық филармония директоры Елубай Кенжалиев.  

Байқау кезінде жарық қоюшылар, режиссерлер арнайы номинациямен марапатталады. Ал бас жүлдеге 500 мың теңге беріледі. Байқау соңында әділқазылар Айгүл Қосанова, Өмірқұл Айниязов, Ерболат Құдайберген өнер көрсетеді. «Алаш ұлы» тобы да гала концертке қатысады.