Ақтөбеде тікелей шетел инвестициясының көлемі шамамен екі есеге азайған
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында былтыр 9 айда тікелей шетел инвестициясы 337,4 млн доллар болды. 2023 жылдың дәл осы кезіңінде 604,9 млн доллар инвестиция тартылған. Облыстық индустриялдық-инновациялық даму басқармасы инвестицияның азаю себебін түсіндірді.

Ақтөбе облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы ҚР Ұлттық банкі деректеріне сүйеніп, былтыр ІІІ тоқсанда 337,4 млн доллар, ал 2023 жылдың 9 айында 604,9 млн доллар инвестиция тартылғанын хабарлады. Оның себебін де түсіндірді. 2023 жылы ERG компаниясы шламды қайта өңдеу жөніндегі байыту фабрикасын салды. Бұл өндірістің инвестициясы - 82,2 млн доллар.
- ERG-дің бас кеңсесі Люксембург пен Нидерландта тіркелгендіктен осы компанияның Қазақстанға салған кез келген инвестициясы тікелей шетелдік инвестициялар ретінде сараланады. Сондай-ақ, 2023 жылдың соңында Ақтөбе мыс компаниясының акционерлері ауысты. Бұл инвестиция ағынының көрсеткішіне кері әсер ететін өзгеріс. Облыс шетелдік инвестицияларды тартуда ұзақ уақыт жетекші орындардың бірін иеленіп келді. Мәселен 2014-2024 жылдары аралығында өңірге 10 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл дегеніміз Қазақстан бойынша 6-орын, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 4,9 млрд салынып, елімізде 3-орында болды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы.
Биыл Ақтөбеде 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жалпы көлемі 460 млрд теңгені құрайтын инвестиция тартылады. Нәтижесінде 1,2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.
- ҚР Үкіметінің қаулысымен «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл ивестиция тартуға, қосымша жұмыс орындарын құруға және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ импортқа тәуелділікті төмендету, аралас салаларды дамыту және тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттелді,- деп хабарлады Ақтөбе облыстықиндустриялдық-инновациялық даму басқармасы.
Айта кетейік, кеше Президент Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендегенін айтты. Ал жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр.