Ақтөбеде токқа түсіп қалған баланың ата-анасы кінәлілердің жазалануын сұрайды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Шалқардағы жаңа аллеяда токқа түсіп, аман қалған 10 жастағы баланың ата-анасы кінәлілердің жазалануын сұрайды. Қазір бала емін жалғастырып жатыр.

БҚО-да 10 жастағы балаға буллинг жасалған: жасөспірімнің анасы жауапқа тартылды
Фото: freepik.com

Оқиға маусым айында болды. Оқушының анасы Назгүл Дуюсованың айтуынша, Шалқар аудандық әкімдігі Жеңістің 80 жылдығы аясында Кеңес Одағының Батыры І.Үргенішбаевтің ескерткіші маңын абаттандырып, жарық жүргізді. Балалар да сол маңда ойнады.

- Біз күндегідей жұмыстамыз, балалар есік алдында ойнайды. Саябақтың салғанын жақсы көрдік, әдемілеп салды. Тек оның екі шамы құрылыс кезінде-ақ қисайып тұрды. Біріншісі алдындағысы, екіншісі қапталындағысы. Кешкісін жұмыстан келдік. Бала болса ойнап кеткен. Кешкі сағат 21:15-те бір бала жүгіріп келді. «Апа, балаңыз токқа түсіп қалды» деп айтты. Барсам, бала жерде сұлқ жатыр. Бір жігіт баланың аузынан үрлеп жатыр. Бір келіншек «скорый» деп айқайлады. Әкесі «Мынау менің Нұргелдім ба?» деп айта берді. Білгеніміз, бала қоршауына мінеді. Қисайып тұрған шамды дұрыстаймын дейді. Қолын көтере берген кезде ток ұрады. Бала темірге жабысып қалады бетімен. Күйік бетінде бар. Әкесі танымай қалды. Мен шок болып тұрып қалдым. Бас киім киген ер адам екі қолын сермеп, үрлеп, ұрысып жатыр. «Не істеп тұрсыңдар, жедел жәрдем шақырыңдар» деп. Ол өзі электрик екен. Өзге шақыртуға бара жатқан жедел жәрдем тоқтап, күйік деп кислородты дайындап, ауруханаға алып кетті, - деді анасы.

Токқа түскен бала алдымен аудандық ауруханада ем қабылдайды, кейін облыстық ауруханаға санавиациямен жеткізілді. 10 күн ем алған соң жергілікті жерде емдеуді жалғастыруға жіберді. Қазір жарасын таңытып жүр.

- Алғашында токтың қай жерден өткенін таба алмады. Қолын, аяғын тіліп көрді. Түнде қатты ыңырсып, аузынан қан аққан кезде ғана тілін кесіп қараған. Ток тілден шығып тұр. Сол кезде бала терең дем алып, қатты ұйқыға кеткен. Ертеңіне есін сәл жиып, мені іздеді. Сөйтіп санавиациямен келіп, Ақтөбе қаласында ем қабылдадық. КТ-ға түсірді, Бауыр, өкпе, жүрегін тексерді. Бәрі сау. Тек бетінде із болып тұр. Күйік бірден кетпейді ғой. Жергілікті жерде емделесің деп шілдеде үйге шықтық. Содан бері әкімдік тым-тырыс, ешкім келмеді, сұрамады. Қазір баланың жағдайы жаман емес. Үрей бар, қорқыныш бар. Бұл әкімдіктің жауапсыздығы. Іс қолғалып, тергеу жүріп жатыр. Тек сараптама шықпай жатыр. Әркім тиісті жауабын алуы керек, - деді Назгүл Дуюсова.

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс бойынша әлі де тергеу жүріп жатыр, сараптама қорытындысы шықпады. Ал Шалқар аудандық әкімдігі саябақ токтан ажыратылғанын айтты.

- Бала келді, Шалқарда. Ешқандай шағымы жоқ, ойнап жүр дейді. Кішкентай бала ғой. Жазылып келген. Анасы емханада істейді екен. Саясақта токты ажыратып қойды, себебі тергеу жүріп жатыр. Адамдар отыра берді ішінде. Саябаққа 11 млн теңге жұмсалды. Орындық қойылды, арка бар, тал егілді. Адам демалатын шағын орын, - деді Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов.

Ал балаға сол ауылдың тұрғыны алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Ол жасанды жолмен таныс алуына көмек көрсетті.

- Саябаққа жақындасам, оншақты адам тұр. Қарасам, бір баланың екі аяғы шарбақта, екі қолы шамның тіреуінде. Бала токқа түсіп жатқанын бірден білдім. «Не қарап тұрсыңдар, түсіріп алмайсыңдар ма?» деп айттым. Баланы көтеріліп алайын деп ұстағанда мені де ток ұрды. Бала шарбаққа жалаң аяқ шыққан екен. Содан токқа түсіп қалған. Жерге түсірген кезде бала тыныс алмады, жүрегі соқпады. Беті аппақ, ерні көкпеңбек болып кеткен. Аузынан көбік ағып жатты. Алғашқы медициналық көмек бердім, жүрегіне массаж жасадым. 1 минут өтті, нәтиже болмады. Соңғы рет массаж жасайыншы дедім. Сол кезде ғана бала жөтеліп, демалып кетті, - деді шалқарлық тұрғын.

Ол видеода өзін марапаттайтынын естігенін, әзірге ешкім хабарласпағанын айтып отыр. Әзірге аман қалған баланың ата-анасы ризашылығын білдірді. 

Еске салсақ, Ақтөбеде 9 жастағы қыз ойын-сауық кешенінде қолынан айырыла жаздады. Оқушының қолы мен саусақ еті ғана емес, сіңірі де кесілген. Полиция аталған оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар