Ақтөбеде төрт ауданның прокуроры тағайындалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Байғанин, Ырғыз, Әйтеке би және Ойыл аудандарында прокурорлар ауысты. Бәрінде тағайындау бір күнде өтті.
Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Айбек Тағыберген Ойыл ауданына жұмыс сапарымен барды. Онда аудан прокуроры Рауан Тобықовты таныстырды.
2023 жылдың мамыр айынан бастап Ойыл ауданында прокурор болған Ақеділ Үсенов ҚР Бас прокурорының бұйрығымен Әйтеке би ауданының прокуроры қызметіне тағайындалды.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, Ақеділ Үсенов Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тумасы. Ол еңбек жолын Мәртөк ауданы прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі болып бастады. Ақтөбе облыстық прокуратурасында, Байғанин аудандық прокуратурасында жұмыс істеді.
Байғанин ауданы прокуроры қызметіне Ерлан Бахытов тағайындалды. Ол еңбек жолын 2002 жылы бастады. Ақтөбе, Жамбыл және Атырау облыстарында еңбек етті. 2023 жылдан бастап бүгінге дейін Әйтеке би ауданының прокуроры болып, Байғанин ауданына ауыстырылды.
Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Талғат Әлібаев Ырғызға жұмыс сапарымен барып, аудан активіне Бекзат Төрехановты таныстырды. Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Астана қаласында еңбек етті. Биыл ғана ҚР Бас прокуратурасының басқармасында прокурордың көмекшісі болды.
Бұған дейін Ақтөбе қаласында және аудандарда 12 судья қызметке кірісті. Ал облыстық сот төрағасы басқа қызметке ауысты.