Ақтөбеде төтенше жағдайлар қызметі саяжайлардағы үйлердің пешін тексере бастады

Ақтөбе қаласында төтенше жағдайлар қызметі қауіпсіздік шарасын күшейтіп, тұрғындарға от жағу ережесін үйретіп жатыр. Жыл басынан бері 33 өрт тіркелсе, оның 17-і тұрғын үйде болды. Барлығы 12 көліктен өрт шықты. Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Айбат Жаңабергеновтың айтуынша, жыл басынан бері пештің мұржасы тазартылмай, 7 адам уланды.
«Газ кірмеген үйлер от жағады. Олар қарапайым ережелерді сақтауы тиіс. Мәселен, пештің алдына темір төселуі керек. Мұржада саңылау болмағанын бақылаған жөн. Айына екі рет мұржа тазартылады. Балалардың өздерін ғана үйде қараусыз қалдыруға болмайды», - деді А. Жаңабергенов.
Айта кетейік, Ақтөбеде ақпан-наурыз айларында «Жақсылық жаса» акциясы өтеді. Акция кезінде өрт сөндіру материалдары тегін беріледі. Өткен жылы Ақтөбе облысында 800-ден астам өрт тіркелді. Өрттің материалдық шығыны 72 миллион теңгені құрады. Өрт кезінде барлығы 66 адам қаза болған.