Ақтөбеде тозығы жеткен 230 үй қашан жөнделеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде биыл аула аумағын жөндеуге 1 млрд теңге жұмсалады. Ал фонтандарды күтіп ұстау мен қызмет көрсетуге 130 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды.

Тұрғын үйлердің 11 пайызын күрделі жөндеу қажет
Ақтөбе бойынша 2100 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 230-ы, яғни 11% күрделі жөндеуді қажет етеді. Соның бірі — Ақтөбе қаласы Ломоносов көшесінде орналасқан жатақхана.
Мұнда әр қабатта 17 пәтер бар. Бәрі де бір бөлмелі. 8 пәтердің тамақ дайындайтын асханасы, сонымен бірге әжетханасы мен жуынатын бөлмесі ортақ.

— Жатақхана 1974 жылы салынып, теміржолшылар тұратын орын деп берілген. Содан бері 50 жыл өтті. Бір де бір рет күрделі жөндеу жасалмады. Былтыр төбеден аққан су жертөлеге дейін жетіп, әр бөлме иесі 15 мың теңгеден шығарды. Сөйтіп төбеге қарақағаз төседі. Бұл проблеманы түбегейлі шеше алмайды. Қатты жауында су ағады. Қазір қабаттар арасындағы бетонның өзі шіріп, құбырларды түртіп қалсаң жарылып кетейін деп тұр. Ортақ ас бөлмесі, жуынатын бөлме туралы айту мүлде артық. Біз өз бөлмемізде өзіміз тұрамыз. Ауданы — 11-12 шаршы метр болады. Ал көбі пәтер жалдайды, — дейді жатақхана тұрғыны Әлімжан Ниязмағамбетов.
Қария Kazinform тілшісіне 5 қабатты жатақхана ішін түгел көрсетті. Мұнда электр тогы өте қауіпті жағдайда тұр. Көбі өз бетімен ас бөлмесі, әжетхана мен жуынатын бөлмеге сым тартып, шам орнатып қойған.

Әр тұрғын бөлмесінен жағып, сөндіреді. Сонымен бірге ортақ ас үйде тек бір ғана газ плитасы тұр. Балкон ашық әрі ортақ. Мұнда да қауіпсіздік сақталмаған.
— Біздің подьезге кім көрінген кіріп кетеді. Ортақ дәлізде, подьезде жарық жоқ болған соң кеш қарая далаға шығуға қорқамыз. Ал балаларды үйге үлкендер ертіп келеді. Бәрі телефонның жарығын пайдаланады. Бізге балалардың ойын алаңы да керек. Оқушыларымыз көп, олар бой жазып, ойнағысы келеді. Көрші аулаға барса қуып жібереді, ал өз үйіміздің алдында ештеңе де жоқ, — дейді Әлімжан Ниязмағамбетов.
Ақтөбеде 2021-2024 жылдар аралығында 45 көпқабатты тұрғын үй жаңғыртылды. Сонымен бірге 93 лифт ауыстырылды.
Жаңғырту жұмыстары кезінде шатыры ауыстырылып, жертөледегі құбырлар жаңарады.

Электр тогы ауыстырылып, пластикалық терезе салынады. Кіреберістің есігі де ауысады. Талап бойынша тұрғындар қалалық тұрғын үй инпекциясына өтініш береді.
Кейін жиналыс өтіп, келісім жүргізіледі. Жоспар бойынша биыл 45 көпқабатты үй пен 138 лифттің ауыстыру туралы өтініш берілген. Бұл — 5 млрд теңгеден асатын қаржы.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында аулаларды абаттандыруға 1 млрд теңге қаржы жұмсалады.

— Көпқабатты үйлердің 100 аула аумағын кешенді жөндеу бірнеше кезеңге бөліп басталды. Бірінші кезеңі 25 аула өткен жылы, қалған 2, 3, 4 кезеңдер бойынша 75 аула биыл жөнделеді. 1 млрд тг қаражат бөлінді. Кешенді жөндеуге аула аумағын асфальттау, абаттандыру, жарықтандыру, тротуар салынады. Қоқыс контейнерлер алаңы асфальтталады, қажет болған жағдайда суағар салынады. Сонымен бірге балалар алаңы орнатылады, подъезд алдарына орындықтар қойылады, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Қалада көбіне 1960-1970 және 1980 жылдары салынған үйлердің ауласында балалар алаңы жоқ.
Мұнда ескі темірлер болған күннің өзінде тұрғындар тұрмыстық қажеттілік үшін пайдаланып отыр. Бірі кілем қақса, енді бірі далаға кір іледі.
— Мұнда түрлі жастағы балалар келіп ойнайды. Жан-жағы ойын ойнауға келмесе де осында жиналады. Бізге футбол алаңы керек. Балалар үшін өзге жер жоқ, — дейді қала тұрғындары.

Жарықтандыру және фонтандарды күтіп ұстау
Ақтөбе қаласында көшелердегі жарықшамдарды уақытылы жағып, сөндіретін мердігер мекеме әлі анықталмады. Істен шыққан көше шамдарын ауыстыру, қажет болса жан-жағын сырлау, әктеу, лас болған кезде жуып, тазарту қызметі де қоса жүктеледі.
Қазіргі кезде бұл қызметтерге бюджеттен 100 млн теңге қарастырылды. Ал субұрқақтарды күтіп ұстап, олардың тұрақты жұмыс істеп тұруы үшін 130 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Мемлекеттік сатып алу конкурсында көрсетілген құжатқа сүйенсек, 18 жерде орналасқан субұрқақтың ішінде Тұңғыш Президент саябағының күтімі де бар. Субұрқақты салуға былтыр бюджеттен 400 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Бұл жолы мердігер сол фонтанның от шуы үшін авиациялық керосин, пропан газын сатып алып, бағдарламасын қамтамасыз етуі керек. Кейін орнын тазалап, қондырғыларының үздіксіз және тұрақты жұмысына жауапты болады.
Қала әкімдігі субұрқақтарды консервациялау және қайта консервациялау, электр сорғы стансаларын монтаждау, суды толтыру және ағызу секілді техникалық қызметтің бәрі талапта көрсетілген.
Қазіргі кезде «GlobalStroy KZ» ЖШС жеңімпаз деп танылғанымен, өзге компания мемлекеттік сатып алу порталына шағым түсірді. Әзірге фонтандардың қашан іске қосылары белгісіз.

Жол құрылысы мен жөндеу
Қалада биыл 212 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Оның 177 шақырымы тұрғын алаптардағы, өзгесі қала ішіндегі жолдар.
Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бисембиннің айтуынша, 2024 жылдан бастап Ақтөбеде 14 жол жобасы іске асырылды.
Оның ішінде 3 көпір, мектепке дейінгі мекемелерге апаратын 12 жол, 4 тұрғын алаптың кіреберіс жолы бар.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде төрт жыл бұрын басшының міндетін атқарған Жанболат Құсмұхамбетов 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ол веложолдың жобалық-сметалық құжаты болмаса да, алғашқы келісімшартқа қол қойған.
Сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігі мен цифрлық технологияларды қамтамасыз ету орталығының басшысы Абзал Тильмағамбетов 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
