Ақтөбеде трактор аударылып қалды
Оқиға «Самара –Шымкент» тасжолында болды. «МТЗ-80» тракторының 51 жастағы жүргізушісі негізгі жолға шығу кезінде көлікке жол бермеді. Салдарынан Қобда ауданы Әлия ауылының 65 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Lada-21154» маркалы автокөлігімен соқтығысқан.
«Медициналық сараптамадан соң 51 жастағы трактор жүргізушісінің мас күйінде рульге отырғаны белгілі болды. Сондай-ақ ол биыл мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған. Осыған қарамастан рульге отырып, жол ережесін бұзған. Полиция қызметкерлері ҚР ҚК 346-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Осы баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.