Ақтөбеде тұрақтандыру қорындағы көкөністің сапасы тексерілді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде картоп, сәбіз, пияз сапасын журналистерге көрсетті. Мұнда сақталған өнім ірі супермаркеттер мен коммуналдық дүкендерде ғана сатылады.

картоп сапасы
Фото: «Ақтөбе» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі

«Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ы «Пригородный» АШФ» ЖШС, «Болат ЛТД» ЖШС, «Арман» ШҚ-ымен арада келісімшарт жасады. Жергілікті тауар өндірушілер көкөністі сақтап, тұрақтандыру қорына жөнелтеді. Бұл өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған шешім.

пияз
Фото: «Ақтөбе» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі

- Жергілікті тауар өндірушіден картоп 93 теңгеге сатып алынады. Оны сауда орындарына жеткізгенде баға 106 теңге болады. Ал сауда үстемесімен тұтынушыларға 116 теңгеден ұсынылады. Қазіргі кезде 18 коммуналдық дүкен мен ірі екі супермаркет бөлімдерінде картоп сатылымға шықты. Жалпы биыл барлығы 4794 тонна картоп сақталады. Оған 486 млн теңге қаржы бөлінді,- деді «Ақтөбе» ӘКК» АҚ Азық-түлікпен қамтамасыз ету департаментінің директоры Ерлан Нұркеев.

картоп
Фото: «Ақтөбе» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі

Бір ескере кетерлігі, алыпсатарлардың жолын кесу үшін бір адамға 5 келі ғана картоп тиесілі. Қазіргі кезде базарларда өзге тауар өндірушілер жеткізген картоп 270-300 теңгеден сатылып жатыр.

картоп сапасы
Фото: «Ақтөбе» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі

Айта кетейік, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін елімізде 19 түрлі тауар тұрақтандыру қорына сақталады. Ақтөбеде бұл мақсатқа 4,5 млрд теңге қаржы бөлінген. 7340 тонна ұн, 25,7 тонна қарақұмық, 592,8 тонна қант, 35 тонна күріш сақтаулы. Қорға 384 тонна сәбіз сақтау үшін 54,6 млн теңге, 400 тонна пиязға 37,6 млн теңге, 441,7 қырыққабатға 35,3 млн теңге бөлінді. Мұны сақтау тауар өндірушілердің өзіне жүктелген. Келісім бойынша күріш келісі 420 теңге, өсімдік майы 480 теңге, қант 420 теңгеге сатылады.

пияз
Фото: «Ақтөбе» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі

Еске салсақ, Ақтөбе облысының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті — 1,5 трлн теңге. Оның 439,3 млрд теңгесі 2025 жылдың бюджеті.