Ақтөбеде тұрақтандыру қорындағы көкөніс сатыла бастады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде тұрақтандыру қорына сақталған көкөніс коммуналдық базарларға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақтөбе» әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы қаладағы көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін тауар интервенциясын жасады. Яғни, тұрақтандыру қорындағы картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат пен күнбағыс майын саудаға шығарды. 400 тонна картоп, 35 тонна сәбіз бен қырыққабат, 60 тонна пияз және 30 тонна күнбағыс майы қаладағы «Табыс» коммуналдық базарында, шағын базарларда, әлеуметтік дүкендерде төмен бағамен сатылып жатыр.
«Картоп пен сәбіздің келісі -70 тг, пияз – 55 тг, қырыққабат – 75 тг, күнбағыс майының бір құтысы - 300 тг. Тұрақтандыру қорына биыл барлығы 1 мың 400 тонна картоп, 100 тонна сәбіз,100 тонна қырыққабат, 200 тонна пияз жинақталды. Өткен жылға қарағанда биыл картоптың көлемі 400 тоннаға, қырыққабаттың көлемі 20 тоннаға артық. Көкөніс «Пригородный» шаруашылығында өсірілді. Келісім бойынша шаруашылық өнімді қыс бойы өз қоймасында сақтады. Тұрақтандыру қорын жасақтау үшін 2018-2021 жылдарға жергілікті бюджеттен 309 млн теңге бөлінді», - деді «Ақтөбе» ӘКК агроөнеркәсіп кешені басқармасының басшысы Ермек Батинов