Ақтөбеде тұрғындар үшін 21 500 тонна көмір қажет
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша тұрғындарға 21 500 тонна көмір қажет болса, оның 3 250 тоннасы теміржол тұйығында бар. Ал мектеп пен денсаулық сақтау мекемелеріне қажетті 26 мың тоннадан астам қатты отын толық жеткізілді.
2024-2025 жылдардағы жылыту маусымы кезінде Ақтөбе облысының бюджеттік мекемелеріне 26 739 тонна көмір қажет болды. Оның 23 123 тоннасы 103 мектепке, ал 626 тоннасы 62 денсаулық сақтау мекемесіне бөлінеді. Қазіргі кезде білім және емдеу орнына қажетті қатты отын толық жеткізілді.
– Облыс халқын және бюджеттік мекемелерді қатты отынмен қамтамасыз етумен айналысатын 16 өңірлік көмір операторы бар. Көмір Майкөбен, Қаражыра, Шұбаркөл кен орындарынан тасымалданып жатыр. Қажетті қатты отын тамыз айынан бастап тасымалданды. Темір жол тұйықтарында 3 250 тонна көмір бар. Бюжеттік мекемеден бөлек тұрғындарға 21 500 тонна көмір қажет. Көмір бағасы тоннасына – 23 000 теңге. Жалпы басқарма тарапынан «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Батыс филиалымен бірлесіп вагондардың келуіне күнделікті мониторинг жүргізіледі, - деп жауап берді Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Kazinform тілшісінің сауалына.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында 320 елді мекен бар. Оның 168-і (52,5%) немесе 886,5 мың адам (95,5%) көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Биыл 27 елді мекенді газдандыру үшін 20 жоба қолға алынды. Жыл соңына 3 ауылға газ беріледі. Бұдан басқа 4 ауылды газдандыру мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірленді. Тағы 6 ауылға қажетті жобалық-сметалық құжат жасалып жатыр. Нәтижесінде елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 64,1%, ал тұрғындардың қамту 97,2%-ды құрайды.