Ақтөбеде тұрғындардың кәсіп ашуы үшін 3 млрд теңге бөлінеді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Биыл «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы үшін республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінеді. 61 елді мекеннің тұрғындары үстемеақысы 2,5% болатын несие алып, өз бизнесін бастай алады. 2023 жылы тағы 3,5 млрд теңге қарастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде тұрғындардың кәсіп ашуы үшін 3 млрд теңге бөлінеді

Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында тұрақты макроэкономикалық өсім сақталып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыстық, қалалық мәслихат депуттары, Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуінде айтты.

Есепті кезеңде жеті негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштің алтауында өсім бар. Атап айтқанда, өнеркәсіптің өсу қарқыны 101,8%, инвестициялар – 101,3%, ауыл шаруашылығы – 105,8%, құрылыс – 103,6%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 101,8%, көлік және қойма логистикасы – 103,1% деңгейін көрсетті. Былтырғымен салыстырғанда төмен көрсеткіш тек сауда саласында байқалады.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ералы Тоғжанов облыс әкімі қызметіне тағайындалған күннен бастап өңірдің барлық ауданын аралады. Халықты толғандырған проблемалық мәселелерді жеке бақылауына алды. Нәтижесінде қысқа мерзімде 41-разъезд ауданында «Оңтүстік айналма жол» және «Ақтөбе-Қандыағаш» қайта жаңғыртылып жатқан жолдардың төрт жолағының екеуі пайдалануға берілді. Жол құрылысы маусымының қызған кезінде битум тапшылығы мәселесі шешілді.

Ақтөбе қаласының аумағын абаттандыру және санитариялық тазарту жұмыстары күшейтілді. Қазан айында Астанада өткен «KGIR 2022» халықаралық форумында облысты дамыту бағытында маңызды келісімдерге қол қойылды. Оның шеңберінде құны 735 миллион доллар болатын ірі инвестициялық жобалар іске асырылады. Келесі жылдан бастап Ақтөбе қаласында битум зауыты, ядролық медициналық орталығы, кәріздік тазарту құрылғысы жобасы, көлік-логистикалық хабы және еліміздегі ең ірі болат балқыту зауыты салынады.

«Біздің алдымызда өңірдің өзекті мәселелерін әрі қарай тиімді шешу міндеті тұр. Оның ішінде, ауыл халқының табысын арттыру үшін біз «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын іске қосамыз. Биыл жобаға республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлініп, 61 елді мекеннің тұрғындары 2,5% жеңілдікті несие алып, өз бизнесін бастай алады. 2023 жылы қосымша 3,5 млрд теңге бөлініп қамтылатын ауылдар саны артады. Осы жобаны іске асыра отырып, біз жаңа жұмыс орындарын ашамыз, мал мен құс басын көбейтеміз және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз», - деді өз сөзінде облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Бұдан өзге Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы Хромтаудың экономикасын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінбек. Дәлірек айтқанда шағын және орта бизнеске жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын 3 пайыздық несие беріледі.

Облыс әкімінің жіті бақылауындағы тағы бір проблема – жолдардың сапасы. Ірі жобалардың қатарында «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын», «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» және «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» трассаларын жөндеу бар.