Ақтөбеде түрлі деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтіп жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қалалық мәслихатына екі депутат және 6 ауданда 8 депутат сайланады.

Ақтөбеде түрлі деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтіп жатыр
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласындағы сайлау учаскесінде мүгедектігі бар сайлаушылардың таңдау жасауы үшін жаңа құрылғы орнатылды. Көзі нашар көретіндер мен көзі мүлде көрмейтін адамдарға жарық маяктары бар құрылғы арқылы көмек беріледі. Батырманы басып, хабарлама арқылы әр қадамды біледі. 

— Комиссия мүшесі сайлаушыға ым тілінде бейне аудармасы бар планшет те ұсынады. Көзі нашар көретін адам бейнені үлкейтетін лупаны пайдаланады, — деді № 21 сайлау учаскесінің төрағасы Әсемгүл Нукусова.

Ақтөбеде түрлі деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтіп жатыр
Фото: Ақтөбе әкімдігі

№ 21 сайлау учаскесіде 17 адам үйінде отырып таңдау жасайды. Оларға арнайы жылжымалы жәшік апарады. 

— Ақтөбе облысында 10 сайлау округі жұмыс істеп тұр. Ақтөбе қаласы және Хромтау, Шалқар аудандарындағы екі сайлау округінде, Байғанин, Ырғыз, Қарғалы, Ойыл аудандарында бір-бір сайлау округінде сайлау өтіп жатыр. Сайлауды дайындау мен өткізуге 48 сайлау комиссиясы жұмылдырылды. Соның ішінде 7 аумақтық, 10 округтік және 31 учаскелік комиссия, — деді Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Радина Көккөзова.

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Еске салсақ, ҚР «Сайлау туралы» Заңына сәйкес жыл сайын наурыз және қазан айларының соңғы жексенбісінде шығып қалған депутаттардың орны толтырылады. 

Соңғы жаңалықтар