Ақтөбеде түрлі диаспора өкілдері қан тапсырды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбедегі түрлі диаспора өкілдері мен тұрғындар қан тапсырып жатыр. Бүгін түске дейін 30 адам Ақтауда болған ұшап апатынан аман қалғандарға осылай қолдау көрсетті.

Ақтөбе облысындағы қан орталығында бүгін адам саны көбейді. Донорлар арасында студенттер, қарапайым қала тұрғындары мен түрлі диаспора өкілдері бар.
- Әзірбайжан әуе кемесінің апатқа ұшырауы бізге де ауыр тиді. Әзірбайжан ассоциациясының Ақтөбедегі өкілдері қайғыра көңіл айтады. Бүгін қауымдастық өкілдері, ақсақалдар мен жастар қолдау көрсетуге келді. Біз де қан тапсырып жатырмыз. Аман қалған адамдардың тезірек сауығып кетуін тілейміз. Қазір біз Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Өңірде 17 этно-мәдени бірлестік болса, бәрі де кеше көңіл айтты, қолдау білдірді. Олар да келіп, қан тапсырып жатыр. Сыған, грек, татарлар бауырларымыздың қан тапсыруға келгені көңілге медеу,- деді Әзірбайжан диаспорасы төрағасының орынбасары Видади Фарзалиев.
Қазіргі кезде Ақтөбе облысында қан қоры жеткілікті.
- Маңғыстау облысында болған төтенше жағдайға байланысты қан қорын толтыру мақсатында адамдар келіп, қан тапсырып жатыр. Қазіргі таңда 30-ға жуық адам қан тапсырды. Кеше Маңғыстау облысына көмек ретінде 20 флакон альбумин жіберілді. Қазіргі кезде акция әлі жалғасып жатыр. Негізі қан орталығында қан қоры жеткілікті,- деді Донорларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі Толыбек Кулыбаев.
Айта кетейік, Ақтөбе облысынан Ақтауға дәрі-дәрмек жіберілді. Бүгін жүк сол жақта болады.