Ақтөбеде тұрмысы нашар 53 мың отбасы бар
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Елімізде «Отбасының цифрлық картасы» жасалды. Былтыр өңірлердегі басқармалар интеграция кезінде анықталған кемшіліктерді тексеріп, қажет кезде түзетуге мүмкіндік алды. Биыл әр мемлекеттік, құқықтық орган өзінде түзету енгізгенде ғана ақпарат жаңарады. Kazinform тілшісі «Отбасының цифрлық картасы» толтыру кезінде анықталған кемшіліктерді тізбектеді.
Биыл шілде айының соңында Премьер-Министр Олжас Бектенов мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру арқылы елімізде өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде кеңес өткізді.
Сол кеңесте «Отбасының цифрлық картасы» мен ондағы көрсеткіштердің әкімдер KPI көрсеткішіне тура әсер ететіні баса айтылды. Бұл жүйе ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелді.
Қазір платформа Астанадағы орталықта басқарылғанымен, өңірлерде білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларында мамандар кіріп, бақылау мүмкіндігін алған.
Жүйенің жұмысы туралы Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлімі тәптіштеп айтып берді.
Әр адамның отбасы туралы ақпараты бір жүйеге енгізілді
«Отбасының цифрлық картасы» — әлеуметтік көрсеткіш айнасы. Мұнда әр өңірдегі отбасы, отбасы мүшелері туралы ақпарат жан-жақты қамтылған.
Оны әрбір салаға жауапты басқарма, бөлім, мекеме өздері толтырып, енгізіп қояды. Ал көрсеткішті платформаны жасаған компания сараптап, Үкіметтен нақты тапсырма беріледі.
— Ақтөбе облысында «Отбасының цифрлық картасы» платформасы 2021 жылы енгізілді. Пилоттық жобаға біздің өңір алғашқы боп енді. Ал 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап жүйе толыққанды іске қосылды. Халықтың тұрмыс жағдайын анықтауға, отбасының әлеуметтік портретін жасауға, қаржылық жағдайы, әлеуметтік мәртебесі мен табысын, өмір сүру деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе бұл. Жүйе барлық мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланған. Біз ештеңе өзгерте алмаймыз. Әрі әрбір құзырлы орган өзінің ақпараттық базасында түзету, өзгерту енгізеді. Содан кейін ғана ол өзгеріс жалпыға көрінеді, — деді Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ақсұлу Жұбаназарова.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Отбасының цифрлық картасы» 5 санатқа бөлінеді. Ақтөбе облысы бойынша 277 626 отбасы бар. Онда 932 мың адам тіркелген. «А» санаты — ауқатты. Яғни, тұрмысы жақсы. «В» санаты — қанағаттанарлық. «С» санаты — қанағаттанарлықсыз. «D» санаты — дағдарыс. «Е» санаты — шұғыл.
— Өңірде Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтың төрағалығымен штаб құрылды. Әрбір ауданда мониторинг комиссиясы бар. Комиссия төрағасы әкімнің орынбасарлары. Ауылдық округтерде де мониторинг тобы бар. Олар отбасына барып, тұрмыс жағдайын анықтайды, көмектеседі. Биыл тамыз айында екі санатты өзектендіру жұмысы қолға алынды. Бізде 56 344 отбасы болса, қазір 53 241 отбасы болып, азайды, — деді Ақсұлу Жұбаназарова.
Оның айтуынша, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанында Еңбек ресурстарын дамыту орталығы бар. Жобаны құрастырып шығарған да — осы орталық мамандары.
Жүйенің жұмыс істеуін де Еңбек ресурстарын дамыту орталығы қадағалайды. Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында Ақсұлу Жұбаназаровада базаға кіру мүмкіндігі қарастырылса, аудандар бойынша бөлім басшыларына жүктелген.
— 2023 жылы әр басқармаға өз базасын тексеріп, түзету енгізу үшін мүмкіндік берілді. Сөйтіп білім, денсаулық сақтау, жастар саясаты басқармаларының мамандары базаға кіріп, жұмыс істеді. Биыл бұл өзгеріп, тек білім мен жұмыспен қамту басқармаларына арнайы құпиясөз берілді. Барлығына бірдей ашық болмайды. Себебі адамдар туралы жеке мәлімет толық сақталған. «Отбасының цифрлық картасы» облыс әкімдерінің KPI көрсеткішіне әсер ететінін білеміз. Ақтөбенің жағдайы жақсы. Үш айда 3103 отбасы «D» және «Е» санатынан алынды. Үкімет биыл Ақтөбеге 1625 отбасыны шегеруді тапсырды. Демек біз тапсырманы орындап отырмыз, — деді Ақсұлу Жұбаназарова.
Адамдар құжатқа салғырт қарайды — маман
«Отбасының цифрлық картасы» дұрыс болуы үшін адамдар құжатқа мығым болуы тиіс. Ал қазір тірілер арасында қайтыс болған адамдар да жүр. Сонымен бірге тұрғылықты жері туралы ақпараттың көбі ескі.
— Біріншіден, тұрғылықты жерін дұрыстау керек. Адамдар басқа бір жерде тұрады, екінші мекенжайда тіркеледі. Екіншіден, 2006 жылға дейінгі неке, 2007 жылдың тамыз айына дейін туған балалар цифрландырылмаған. Осы кемшілік 2019 жылы несиені кешіру кезінде анық сезілді. Адамдар тізімнен өзін таппай, арыз түсірді. Үшіншіден, ата-анасы, келін-баласы бір үйде тұрғанымен, екі бөлек отбасы секілді тіркеледі. Шын мәнінде олар бір үйде тұрады. Тұрғылықты жері бір мекенжай болған соң бәрі бір отбасы болып есептелуі тиіс. Бөлек тіркелсе, кірісі, дүние-мүлкі екіге бөлініп кетіп отыр. Төртіншісі, шекаралас аудандар бар. Ауданның адамдары Ресейге кетіп қалған, оралмаған. Тұрғылықты мекенжайында тіркеуден шықпаған соң халық саны тізімінде бар. Бесіншіден, қайтыс болған адамдарға анықтама алмаған. Кейбірінің ағайын-туысы бар, кейбірінде ешкім жоқ. Мамандар барып, туысы болса түсіндіреді, — деді Ақсұлу Жұбаназарова.
Бір баланың екі ЖСН нөмірі бар — білім басқармасы
«Отбасының цифрлық картасын» былтыр Ақтөбе облыстық білім басқармасы да түзетті. Ал биыл жауапты маман анықтауы тиіс ақпарат тізбегін көріп отырғанымен, ортақ базада ештеңе өзгерте алмайды.
— Былтыр Ақтөбе облысы бойынша 11 мыңнан астам баланың ақпаратын нақтылау қажет болды. Жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарылып, биыл мыңнан астамын қайта қарап жатырмыз. Тарқатып айтар болсам, егер базада тіркелмеген бала анықталса, үйіне барып қарап, олардың мәртебесін анықтаймыз. Ал баланың оқымай жүргені, білім ордасына бармағаны белгілі болса, онда оларды тізімге алып, мектебі нақтыланады. Мектепте, техникалық және кәсіптік білім беру немесе ЖОО-да, оның ішінде арнаулы мекемелерде білім алушы ретінде айқындалса, онда оларды Ұлттық білім беру деректер қорына тіркейді. Егер баланың қайтыс болғаны анықталса, онда әділет органдарында тіркеу жүргізіледі. Сонымен бірге мүгедектігі бар балалар анықталған жағдайда медициналық сараптамасының сәйкестігі тексеріледі. Кейін егер мүмкіндік болса, мектепте оқуына жағдай жасалады, — деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы Жайнагүл Баймағамбетқызы.
Қазіргі кезде мамандар бірқатар қиындыққа тап болды. Бала басқа үйде тіркеуде, ал олар басқа аудан, қалада немесе өзге жерде тұрады. Яғни, тұрғылықты жері мен тіркеуде тұрған орны екі бөлек. Сонымен бірге науқас балалардың, шетінеп кеткен, қайтыс болған балалардың құжаты дер кезінде жаңармай қалған.
Салдарынан олар тірі адамдар қатарында, ал науқас балалар сау балалар тізімінде. Осыдай кезде «балам туабітті науқас, қалай білмейсіздер», «кішкентай кезде шетінеп кеткен, неге тіркелмеген» деп ата-аналары ашуланады.
— Кейбір балаларда 2-3 ЖСН бар болып шықты. Оның қалай берілгенін де білмейміз. Бірі ЖСН-мен мектепте отырса, өзге ЖСН-мен ешқайда бармаған болып шығады. Ата-анасы бір ЖСН-ін жоюы қажет. Кейбірі уақыты жоқ екенін алға тартады. Біз бұл мәселені дер кезінде шешу үшін полиция, әділет, сот органдарымен тығыз жұмыс істейміз. Егер бала тіркелген жерінде тұрмайтын болса, онда ата-анасына sms хабарлама жіберіп, нақты мекенжайына тіркеу қажет екенін ескертеміз. Ал егер бала Қазақстаннан тыс жерге кеткен болса, онда тізім ҰҚК мен көші-қон полициясына беріледі. Қайтыс болса, әділет органдары қайтыс болғанын тіркеу бойынша шара қабылдауы қажет, — дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы.