Ақтөбеде ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері сотталып жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін сот алды тыңдау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбеде ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері сотталып жатыр

Іс материалдарына сүйенсек, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департамент қызметкерлері Асланбек Тахауев пен Кәрімбай Дабылов Қылмыстық кодекстің «Билікті немесе лауазымдық қызметті асыра пайдалану», «Қорқытып алу» баптары бойынша айыпталды. Аса ауыр және ауыр қылмыс жасады деп айыпталған екі қызметкер «Атырау Сервиз КЗ» компаниясының есепшотында жатқан 200 миллион теңгені қолма-қол алуға көмектеспек болады. Компания есепшотындағы қаржыны алу туралы ой ресейлік азамат Ивашкевичке тиесілі. Ол да бұрын қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеген. Алғашқы келіссөз кезде қомақты қаржыны алуға көмектесу үшін 8 миллион теңге берілетіні туралы айтылған. Дегенмен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері өз жұмыстарына 15 миллион теңге сұрады. Қылмыстық іс бойынша екі жәбірленуші бар. Олар есепші болып жұмыс істеп, қызмет көрсеткен Б.Нұрашева мен Б.Маратұлы.

Іс материалына сүйенсек, ақшаның бір бөлігі қолма-қол алынды. Есепші компания шотындағы 15 миллион теңгені алуға көмектесіп, банк 1 миллион теңгеден астам ақшаны қызметі үшін ұстап қалған. Қаржыны алған қауіпсіздік қызметкерлері банк ұстап қалған ақшаны есепшіден талап етіп, бірнеше рет қорқытқан. Сот алды отырысы кезінде сотталушы Кәрімбай Дабылов өзіне қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Сонымен қатар, сотталушылар сот процесі кезінде тұтқында ұстау туралы шешімді үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Бірақ екі өтініш та қолдау таппады.

Айта кетейік, сот отырысы 6 қараша күні басталады. Қылмыстық іс 2016 жылы тіркелді.