Ақтөбеде ұңғымадан аққан мұнай аралас сұйықтық 3 мың шаршы метр аумақты ластады

31 қазан күні Ақтөбе облысының экология департаментіне «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ қарасты «Кеңқияқмұнай» КМГДБ №797 ұңғымасынан сұйықтық аққаны туралы хабар түскен.
Аталған дерек бойынша департамент инспекторы оқиға орнына барды.
Оның барысында мынадай келеңсіз жайт анықталды.
«29 қазан сағат 22.30 шамасында №797 ұңғымада негізгі оқпанның дәнекерлеу тігісі жарылған. Ластанған аумақтың көлемі - 3168 шаршы метр (66*48). Апат салдарын жоюмен «Ақберен» ЖШС айналысады» делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Апат болған жерді тексеру барысында №797 ұңғымадан мұнай ластаған су әлі ағып жатқаны белгілі болды.
Ластанған аумақ өлшеніп, сынама алынды. Кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен акт жасалды.
Департамент орын алған жағдайға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізеді.