Ақтөбеде университеттің саунасы мен мұражайын жөндеген жұмысшылар еңбекақыларын талап етті
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің саунасы мен дәріс оқылатын залдарын, мұражайын жөндеп берген бір топ жұмысшы бүгін еңбекақыларын талап етті. Олар өздеріне тиесілі 16 миллион теңгені сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбедегі ірі мемлекеттік университетті 2017 жылдың қазан айынан бері жөндеп, бірнеше дәріс оқылатын залы, хореография залы мен Құдайберген Жұбановтың мұражайын қалпына келтіріп берген жұмысшылар еңбекақыларын талап етті.
«2017 жылдың 1 қазанынан бері үздіксіз жұмыс істедік. Еңбекақымызды ала алай жүргенімізге 1 жылға жуық уақыт болды. Негізі университеттің қызметкері Тимур Екібасовпен келісіп, ауызекі тілде уағдаласқан едік. Біз сендік. Себебі, бұған дейін де 30 миллион теңгенің жұмысын жасап, олар бізге төледі. Ал соңғы жұмысымыздың ақысы төленбеді. Барлығы 16 миллион теңгені құрап отыр»,- деді Асқар Атыбаев.
Оның айтуынша, жұмысшылар әктеу, сырлау, қабырға тегістеу, қыш тақта жапсыру, еден жөндеу секілді бірнеше жұмысты атқарған. Олар құрылыс жұмыстары кезінде барлық қажетті материалдарды сатушылардан қарызға алып, кейде күні-түні еңбек еткен. Ал қабылдау жұмыстары, кем-кетікті жөндеу тапсырмалары екіжақты келісіммен жүргізілген.
«Университеттің спорт кешенінде сауна бар. Бұрын жұмыс істемей тұрған саунаны 2017 жылы жөндеп бердік. Бұл жер қарапайым студенттерге арналмаған, тек басшылар келеді»,- деді жұмыс тобының жетекшісі Асқар Атыбаев.
Ректормен кездесу үшін барған жұмысшыларды жоғары оқу орнына күзет қызметі кіргізбеді. Кейін «тәртіпке бағынбайды» деп полиция қызметкерін шақырды.
Арада біраз уақыт өткенде университет ректоры Бауыржан Ердембеков тек журналистерді қабылдап, өзіне жала жауып отырған жұмысшылармен соттасуға әзір екенін жеткізді.
«Жұмыс тобын танимын. Олар Гришин көшесіндегі жатақхананы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сол кезде қарызымыз өтелді, 59 миллион теңге төленді. Ал бірнеше дәріс залы, хореография жөнделді деп айтса, оның бәрін адамдар қарызға жасамайды. Бізді тексереді, жөнделсе бәрінің ақысы мемлекеттік сатып алу арқылы берілді. Қазір келіп отырған жұмысшылар сол жерде жұмыс істесе, оларды жалға алған адамдар неге ақысын төлемеді? Оған мен жауапты емеспін. Олар заң аясында сотқа, прокуратураға, қаржы департаментіне шағым түсіре алады. Біздің құжаттарымыз бар, ақысы төленген. Көшеден келіп, маған ақша бер деп айтқандардың бәріне төлей алмаймыз. Мен олардың сөзін жалған деп айтамын»,- деді ректор Бауыржан Ердембеков.
Университет ректоры Бауыржан Ердембеков жоғары оқу орнында саунаның бар екенін жасырмады, бірақ демалыс орны 10 жылдан бері жабық тұрғанын айтып берді.
«Сауна жабық тұр, жұмыс істемейді. Сауна жөнделмеді, оны көрсете алмаймыз. Бұл ақша алудың, бопсалаудың түрі деп білемін. Жұмысшылармен кездеспеймін. Олар сотқа берсе, университтің атына, менің жеке басыма жала жапқаны үшін сотқа беремін»,- деді Бауыржан Ердембеков.
Айта кетейік, еңбекақыны талап еткен жұмысшыларда келісімшарт жоқ. Олар өздерінің жұмыс істегенін суреттерімен, егер мүмкіндік болса универсиеттің бейнебақылау камерасы арқылы дәлелдейтінін жеткізді. Себебі, жұмысшылар күндіз ғана емес, мемлекеттік жоғары оқу орнында түнгі уақытта жа жөндеу жұмыстарын жүргізген.