Ақтөбеде үш адам менингококк жұқпасынан емделді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында үш адам менингококк жұқпасынан емделді. Оның біреуі жеті айлық кезінде дертке шалдығып, аурухана ем қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елімізде менингококк жұқпасы балалардан жиі анықталып, қазір аймақтарда алдын алу шарасы күшейтілді.
«Жыл басынан бері Ақтөбе облысында менингококк жұқпасы үш адамнан анықталды. Олардың екеуі бала. Біреуі бір жасқа да толмаған. 2017 жылы туған бала 30 сәуір күні ауырып, 1 мамыр күні медициналық көмекке жүгінген. Бала ауруханада емделді. Ата-ана дер кезінде медициналық көмекке жүгініп, дәрігерлер қажетті шара қолдана білді», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ақтөбеде менингококк жұқпасының алдын алу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасында медицина қызметкерлеріне арнап арнайы семинар өткізілді. Тұрғындар арасында ақпараттық нұсқамалар беріліп, әлеуметтік желіге жұқпадан сақтану жолдары таратылды. Мектепке дейінгі мекемелерде бақылауды күшейтіп, балабақшаға бармай жүрген балаларға мониторинг жасалып жатыр.
«Халық көп шоғырланатын жабық ғимараттарға баруды шектеу қажет. Таза ауада жиі тынығып, ауру белгілері анықталғанда бірден медициналық көмекке жүгінген жөн. Егер отбасында бір адамнан ауру белгісі анықталса, оның жанындағы адамдар 10 күн бойы дәрігер бақылауында болады»,- деді хабарлады баспасөз қызметі.