19:40, 12 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Ақтөбеде үш ауданның әкімін сайлауға 136 млн теңге бөлінді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында биыл 3 ауданның әкімі сайланады. Депутаттар қоғамдық-саяси жағдайына, халықтың билікке деген сеніміне басымдық беріп, Қобда, Ырғыз, Ойыл аудандарын таңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2021 жылдан бастап елімізде ауылдық округ әкімдері сайланып келеді.
Содан бері Ақтөбеде 101 ауылдық округ пен аудандық маңызы бар қалада әкім таңдалды. Жыл соңына дейін тағы да 11 ауылдық округте сайлау өтуі тиіс.
Сонымен бірге аудандарда әкім сайналады.
«Депутаттар облыстағы 12 аудан ішінен үш ауданды іріктеді. Негізінен қоғамдық-саяси жағдайы тұрақты, халықтың билікке деген сенімі жоғары, электоралды белсенділігі жоғары Ырғыз, Қобда, Ойыл аудардары ұсынылды. Бұл аудандарда соңғы сайлауда қатысым көп болды»,- деді облыстық мәслихат депутаты Айгүл Дүйсенова.
Айта кетейік, аудан әкімдерін сайлау кезінде жергілікті бюджеттен 136 млн теңге бөлінді.
Орта есеппен бір ауданға 45 млн теңге қарастырылады.
«Сайлау туралы» заңға сәйкес кандидаттарды саяси партиялар өз мүшелері арасынан ұсынады. Сонымен бірге өзін-өзі ұсынуға болады. Егер ұсыным уақыты аяқталар кезде екі адамнан аз кандидат болса, аудандық сайлау комиссиясы тағы үш күн уақыт береді. Одан жоғары тұрған әкім екі немесе бір кандидатты ұсынуға құқылы»,- деді Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.