Ақтөбеде үш ауылға газ берілді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Алға, Темір, Байғанин аудандарының ауылдарына көгілдір отын жеткізілді. Бұл туралы ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбеде үш ауылға газ берілді

Алға ауданының Сарықобда, Темір ауданының Ақсай, Байғанин ауданының Жарлы ауылдарына газ берілді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауылға барып, тұрғындармен кездесті.

«Мен үнемі аға буын өкілдерімен жүздескенде Кеңес дәуірін еске түсіремін. Дүниедегі ең мықты мемлекет бола тұра ауылдық жерлерімізге газ, су кіргізілмеді. Бұл жетістіктерге қасиетті Тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкіндік болып отыр. Мемлекет басшысының тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту қажеттігі туралы тапсырмасына сәйкес өңір халқына барынша қолайлы жағдай жасау міндетіміз»,-деді Оңдасын Оразалин. Ауыл ақсақалдары келер ұрпақ үшін атқарылып жатқан игі істерге алғыс білдірді.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыс халқының 90,8% көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы жұмыс үшін биыл 3,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы өз кезегінде 10 мыңнан астам халқы бар 13 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2020 жылдың соңына дейін облыс халқының 91,4% газбен қамтамасыз ету көзделді. 2021 жылы тағы 1,8 млрд теңге жұмсалады. Бұл 6,4 мың халқы бар 10 елді мекенді көгілдір отынмен қамтитын жоба.


Сонымен бірге өңірде спорт нысандары салынып жатыр. Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында дене шынықтыру - сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Мұнда 600-ден астам бала бокс, дзюдо, қазақша күрес, футбол т.б спорт түрлерімен айналысады. Аймақ басшысы спорт нысанын аралап, жабдықтармен танысты. Тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру ғимараты Байғанин ауданында да ел игілігіне берілді. Бір мезгілде мыңға жуық адамды қабылдауға қауқарлы спорт нысанында ойын алаңы, бассейн, күрес , жаттығу залдарымен қамтылған. Нысанды салуға 299,5 млн теңге бөлінді. Заманауи үлгідегі спорт кешеннің құрылысы 2019 жылы басталып, биыл аяқталды.