Ақтөбеде үш ауысымды мектеп мәселесі қалай шешілуде
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында ескі мектептердің жанына жаңа ғимарат салынып жатыр. Қалалық білім бөлімі осы арқылы үш ауысымды мектеп мәселесін шешпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласындағы жаңа аудандарда, халық көп шоғырланған жерлерде әлі де үш ауысымды мектеп мәселесі шешілмей тұр. Өңірде барлығы 27 мектептің құрылысы жүргізілсе, 9 білім ордасы қыркүйекте пайдалануға беріледі. Құрылыс қарқыны артқанымен, облыс орталығында үш ауысымды мектеп мәселесі шешілмей тұр.
«Өткен жылы қаламызда 13 мектеп үш ауысымда білім беді. Жыл сайын оқушылар контингенті 5 мың балаға артып отыр. 2018-2019 оқу жылында 74 мыңнан астам оқушы мектептерде білім алады. Биыл барлығы 9 мыңнан астам бала 1 сыныпқа барады. Негізі үш ауысымды мектептердің мәселесін жою үшін жаңа құрылыс жүргізу қажет. Қалада 7 мектеп құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Дегенмен №13, 64, 60 мектептерде әлі де үш ауысым сақталып қалды. Бұл мәселені шешу үшін 9, 21, 27, 29 мектептерге қосымша ғимарат салынып жатыр»,- деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Айсәуле Жақсыбаева.
Жиын кезінде оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі айтылды. Жаңа оқу жылында оқулық сатып алуға 789 миллион теңге бөлінді. Барлығы 11 баспамен келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда оқулықтар жеткізіліп, мектептерге таратылуда.